03
Наурыз

Қазақстанда кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған - Егемен Казакстан (Астана)

 
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде өткен Сейітсұлтан Әйімбетовтің жетекшілігіндегі кеңейтілген отырыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың мемлекеттік шаралары» тақырыбы талқыланды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Басқосуда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баяндама жасады. «Сіздерге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау көрсетудің болашағы және нәтижелері туралы баяндауға рұқсат етіңіздер. Бүгін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлер арасында танымал және талап етілетін бағдарлама екені өздеріңізге белгілі. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерді субсидиялауға және екінші деңгейлі банктердің несиелері бойынша оларға кепілдеме беруге, өздерінің жаңа бизнес бастама­ларына грант алуына, жетпей тұрған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуына, соны­мен қатар, оқуға, шетелдерде тағылымдама алуға, сервистік қолдау және мамандандырылған консалтинг арқылы біліктілігін арттыру түріндегі қолдау құралдарын алуға мүмкіндіктері бар», деді министр.
Сондай-ақ, ол бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен бұған дейін қаншама қаржы бөлінгенін, 2015 жылға 51,8 млрд. теңге және дағдарысқа қарсы шара ретінде ШОБ жобаларына инфрақұрылым салу үшін Ұлттық қордан 10 млрд. теңге бөлінгенін айтты.
Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету арқылы қандай нәтижелерге қол жеткізілгенін жіліктеп берді. «Бүгінгі күнге бағдарлама аясында қолдаудың барлық шараларымен 230 442 кәсіпкер қамтылған, – деді ол. – Қолдау шараларын іске асыру нәтижесінде 237 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды және сақталды. Бағдарлама аясында 2010 жылдан бастап оған қатысушы кәсіпкерлермен 174,4 млрд. теңге салық төленіп, 2 503,3 млрд. теңгеге өнім өндірілді. Жалпы айтсақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тиімді, өйткені, жоспарланған көрсеткіштер бүгінгі күні орындалып отыр».
Дегенмен, бағдарламаның қазіргіден де тиімді іске асырылуы әкімдіктердің іс-әрекеттеріне байланысты екені де атап көрсетілді.
Сондай-ақ, министр бағдарламаны іске асыру тиімділігін арттыру және құралдар мен бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін одан әрі жандандыру бойынша жұмыстарды министрлік уақтылы жүзеге асыратындығына сенім білдірді.
Отырыста «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Л.Ибрагимова, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Н.Әлтаев, Мәжіліс депутаты А.Перуашев сөз сөйлеп, депутаттарды атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Комитет отырысына қатысқан кәсіпкерлер де сөз алып, «Қазақстанда бүгін жақсы жұмыс істемегенде қашан істейміз. Кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалып жатыр», – деп осы мүмкіндіктерді туғызуға басшылық жасап отырған Елбасына ризашылықтарын білдірді.
 
Дерекнама - Егемен Казакстан (Астана), № 40 (28518), 28.02.2015