Қазақстандағы мұнай өңдеуші шағын зауыттар толық қуаттылығында жұмыс істей алмай отыр. Сәйкесінше, елде жанармай тапшы әрі бағасы қымбат. Бұл - заңдағы олқылықтың салдары екен. Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев премьер-министрдің атына осындай сауал жолдады.
Қазір елімізде ірі 3 мұнай өңдеу зауытынан бөлек, 32 шағын кәсіпорын бар. Олар да өз қуаттылығын жартылай ғана пайдаланып отыр. Өйткені, өндірген өнімдердің ішінде тек жанармайды ғана сата алады. Ал, қосымша шығарыталын өнімдерін саудалауға былтыр қабылданған заңмен тыйым салынған. Осыларды алға тартқан депутаттар Бақытжан Сағынтаев мәселені шешуге ықпал етсе екен деп отыр.
ЕРЛАН БАРЛЫБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жаңғырту арқылы 3 ірі зауыттың қуаттылығын арттырмақ. Бұл әрине жақсы. Бірақ, егер біз дәл қазіргі уақытта нарықты жанармаймен қамтамасыз ете алмай отырсақ, онда шағын мұнай өңдеушілерге мүмкіндік берейік. Сондықтан, премьер-министрден заңға өзгертулер енгізуге ықпал етуін сұрап отырмыз.
Сондай-ақ Ерлан Барлыбаев, 2009 жылы үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы басталған кездегі Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын еске сала кетті. Ол кезде президент '2014 жылға дейін ішкі нарықты отандық жанармаймен толықтай қамту қажет' деген болатын. Алайда, бұл міндеттің орындалу мерзімі 3 жыл бұрын өтіп кетсе де, елдегі жанармай тапшылығы әлі күнге 30 пайыз шамасында. Депутаттар, президенттің тапсырмасы уақытында жүзеге асырылса, бензиннің де бағасы тұрақты болар ма еді дейді.
Деректеме - 31 канал