«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев осыдан үш жыл бұрын журналистердің сауалына жауап беру кезінде көзіне жас алған сәтке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaquni.kz ақпарат агенттігі Bestnews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл эпизод Парламент қабырғасында, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен күні орын алған болатын.
Бүгін ОСК-да «Ақжолдың» партиялық тізімін тіркеу рәсімінен кейін журналистер Азат Тұрлыбекұлына осыған қатысты тағы да сұрақ қойды.
- Ер адамға тән жанарымнан жарты жас домалағаны - тұңғыш Президентке, не оның қызметінен кетуіне байланысты емес еді. Маған «90-шы жылдардың сіз үшін маңызы қандай?» деген жеке өміріме қатысты сұрақ қойылды. 90-шы жылдар біздің буынға оңай тиген жоқ. Жақындарымызды жоғалтқан сәттер болды. Эмоцияға ерік бергенім содан. Екіншіден, ақылды адамдар идеяларды талқылайды. Қалғандары - өзгелерді сөз қылады. Мен идеяларды талқылап, оларды жүзеге асыруды жөн көремін. Егер біреу мені сөз еткісі келсе - бұл олардың өз еркі. Бірақ, «Ақжолдың» парламенттегі 10 жылы ішінде бар кемшілігім осы бір эмоциям ғана болса, онда қалған істеріміз дұрыс екені сөзсіз. Ал, біз азаматпыз!, - деді А. Перуашев.