26
Тамыз

Азат Перуашев: «Ақ жол» Демократиялық партиясының орталық ғимаратында партияның Ұлттық кеңесінің пленумы өтіп, бірқатар мәселелер қаралды

Бүгін «Ақ жол» Демократиялық партиясының орталық ғимаратында партияның Ұлттық кеңесінің пленумы өтіп, бірқатар мәселелер қаралды. Атап айтқанда, пленум «Ақ жол» демпартиясы Ұлытау облыстық конференциясының Демпартияның Ұлытау облыстық филиалына жаңа төрағаны сайлау туралы биылғы жылғы 25 шілдедегі шешімін бекітті (https://t.me/peruash/13692).

Бір ауыздан қабылданған шешіммен "Ақ жол" Демпартиясы Ұлытау облысы филиалының жаңа төрағасы болып «Samadi A group» ЖШС директоры әрі «Samadi» компаниялар тобының бас директоры, 35 жасап Әлібек Исин  тағайындалды.

Сонымен қатар, пленум Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаевтың өз өтініші бойынша өкілеттігін тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырып, «Ақ жол» демпартиясының партиялық тізімі бойынша Мәжіліс депутатының босаған мандатын (жастар квотасы аясында) «Ақ жол» демпартиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Олжас Нұрлдиновқа тапсыру туралы шешім қабылдады.

Е.Бейсенбаевқа фракция жұмысына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірік. Жетісу өңірінің тумасы, Ержан Алмабекұлының Мәжілістегі жұмыс жылдарында өсіп-өркендеп, лайықты саясаткер ретінде қалыптасқанын атап өттім. Ол үнемі «Ақ жол» демпартиясының ұстанымдарын басты орынға қойып, депутаттық сауалдарының саны мен сапасы жағынан Мәжілістің белсенді депутаттарының бірі болды.

Ержан кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың заңды мүдделерін табандылықпен қорғай білді, атап айтқанда, Алматы облысындағы жүздеген отбасының үйлерін шенеуніктердің ойсыз шешімдерінің салдарынан аман алып қалды (https://t.me/peruash/13058)

Партияластар атынан атқарған жұмысы үшін оған шын ризашылығымды білдіріп, батыр белдігін табыстадым.

"Саған шапан жабу туралы ұсыныстар айтылды, бірақ, шапан киюге әлі жассың, ал, батырлыққа жасың да, жасаған ісің де сай келіп тұр" дедім сөз арасында.

Жаңадан бекітілген кандидат О.Нұралдиновке Е.Бейсенбаев көтеріп кеткен «Ақ жол» демпартиясы жас депутаттарының биік тұғырын аласартпауды тіледім.

Анықтама үшін: Олжас Нұралдинов, 1989 жылы туған, кәсіпкер, «Ақ жол» демпартиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы. «Ақ жол» демпартиясының партиялық тізімі бойынша Алматы қалалық мәслихатының депутаты, мәслихаттың экономика және қаржы жөніндегі комиссиясы төрағасының орынбасары болды. ІІІ және IV шақырылымдағы Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Мәжіліс депутатының мандатын беру туралы шешім ҚР Орталық сайлау комиссиясында тіркелуге жатады.

Пленум соңында Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Құрылысшылардың кәсіби күніне орай марапатталған бір топ ақжолдықтарға жоғары мемлекеттік наградаларды табыс еттім.