27
Мамыр

Азат Перуашев «Алагеум электрик» компаниясы ұжымымен Конституция реформасын талқылап, олардың көкейіндегі сұрақтарына жауап берді

https://t.me/peruash/5926

Бүгін Петропавлда «Алагеум электрик» тобының жаңа электротехникалық зауытының ашылуына қатыстым. 


Бұл компанияның Кентау, Орал, Ақтау және Шымкенттегі «Азия-трафо» зауыттарынан кейінгі бесінші трансформатор зауыты. Петропавл зауытында 350 жұмыс орны ашылды, жоспарланған жылдық айналым 15 млрд теңгені құрайды, өнімнің 98 пайызы экспортқа шығаруға арналған. Мұның бос сөз еместігін салтанатты шараға Ресейден (Мәскеу, Екатеринбург, Липецк, Самара, Хабаровск, Иркутск, Новосибирск және т.б.), Беларусь, Түркия, Қытай, көршілес Орталық Азия мемлекеттерінен келген серіктес компаниялар басшыларының сөздері растады. Менің көз алдымда кем дегенде екі компания осы зауытпен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және Қазақстанға инвестиция салуға дайын екендіктерін мәлімдеді. Түрік компаниясы керісінше «Алагеумға» Ыстамбұлда зауыт салып, Еуропа нарығына шығуды ұсынды, олардың айтуынша, неміс және итальяндық серіктестерінен қазірдің өзінде осы маркадағы трансформаторларға сұраныс түсуде. Өндірісті ұйымдастыру үшін компания қайта құру жұмыстарын жүргізіп, шын мәнінде – өткен дәуірдің қараусыз қалған цехтарын қалпына келтірді.


Басты акционер Сайдулла Қожабаевтың бұл кәсіпті қалай қолға алғаны да қызық (бүгін бұл туралы өзі де, әріптестері де айтты). Кеңес дәуірінде Сайдолла Ілиясұлы табысты суретші-безендіруші болды, оның еңбегі үшін (КОКП даңқы үшін)) колхоздар лайықты қаржы төледі. Бірақ КСРО ыдырағанда кенет ол бір демде тапсырыссыз қалды. Дегенмен, жиналған қаражат жеткілікті болып, бір кездегі суретші бизнеспен айналысуды жөн деп тапты: трансформаторларды жеткізуге тапсырыс алды.

Ол өзінің туған жері Кентау қаласындағы тиісті зауытқа келеді, алайда «қызыл» директор жоғарыдан пәрмен болмаса, тіпті қолма-қол ақшаға да бейтаныс жас кәсіпкерге екі вагон трансформатор беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ директор Сайдолла Қожабаевтың бірбеткей мінезін ескермеген. Көп ұзамай зауыт банкротқа ұшырады (мұндай басшылық барда бұл таңқаларлық жайт емес), екі вагон трансформатордың орнына Сәке трансформатор зауытын толығымен сатып алды)).


Сөйтіп инженер де, өндіріс жұмысшысы да болып, бір зауытты, сосын екіншісін жаңғыртып, қайта іске қосуға тура келді, артынша кәсіпкер өз зауыттарын жаңадан салып, жаңа өнім шығаруға көшті.

Көріп отырғанымыздай, бұрынғы эстет өте жақсы өндіріс қызметкері болып шықты: бүгінде ол басқаратын кәсіпорынды Мейрам Пішембаев, Павел Беклемишев, Владимир Бобров,  жақында қайтыс болған Жетпісбай Едігенов және т.б. сынды отандық машина жасау саласының барлық майталмандары мен өзге де қазақ электр өнеркәсібінің флагмандары даусыз мойындайды. Бұл ретте компания өніміндегі жергілікті қамту 80%-ға дейін жетеді, бұл машина жасау саласы үшін бірегей жағдай.

Зауыттың ашылуында сөз сөйлей отырып мен шара қонақтарына бүгін елімізде Конституция реформасы талқыланып жатқанын еске салдым. Арасында қонақтар менен «биік мінберлерден айтылып жүрген, бірақ өмірде әлі байқала қоймаған Жаңа Қазақстан қайда?» деп те сұрап жатты. Міне, «Жаңа Қазақстан» – ең заманауи технологиялары бар, өнім өндірілмей тұрып-ақ көршілес елдер сатып алатын зауыттарда; онда жас және талапты, өсіп келе жатқан жігіттер мен қыздар үшін жүздеген жаңа жұмыс орындары бар; онда адамдар мен олардың ұмтылыстары уақытынан озады. Біз елімізді осылай көргіміз келеді, осы үшін өмір сүруге және жұмыс істеуге тұрарлық. Ал бұл үшін  Республикамызды өзгерту, адамдардың күш-қуаты мен қабілетін шыңдап, әркімге өз жоспарлары мен таланттарын жүзеге асыруға мүмкіндік беру керек.

https://t.me/peruash/5930

Кәсіпорынның еңбек ұжымымен тілдесіп, конституциялық реформа туралы өз көзқарасымды айттым – маңыздылығы неде, қандай өзгерістер әкеледі.


Ұжымда жастар өте көп, олардың едәуір бөлігі ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша жергілікті жоғары оқу орындарында білім алып, осында қалуды ұйғарып, Петропавлға қоныс аударғандар. Мұндай қызметкерлер үшін зауыт қазірдің өзінде 40 пәтерлік үй салып қойған болса, келесі 104 пәтерлік үй салыну үстінде, 2024 жылы 200 пәтерлі тұрғын үй де пайдалануға берілмек.

Тиісінше, кәсіпорын қызметкерлерінің сұрақтары да негізінен қоныс аудару жағдайларына және мемлекеттік қолдау шараларына байланысты болды, жұмысшылар арасында көп балалы отбасылар да бар. Облыстық мәслихаттың «Ақ жол» Демократиялық партиясынан сайланған депутаттарымызға (фракция басшысы – Евгений Кинцель) жақын арада халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының өкілдерін зауытқа шақырып, мәселелерді сол жерде шешуге тырысуды тапсырдым. Нұрмахан Әбдірахманов жетекшілік ететін «Алагеум электрик» басшылығы бірден зауыт директорының орынбасарларының бірін осы жұмыс бағытына жүктеді.


Конституциялық реформада зауыт жұмысшыларын жер мен оның қазынасына иелік ету нормасының адам өміріне қалай әсер ететіндігі қызықтырады. Мұндай өзгеріс әркімге жеке пайда әкеле ме; атап айтқанда – мұнай табысының үлесі, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімі, бұл норма әкімдіктердегі жер кезегін жоя ма? Қазір мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты реформалаудың ең басында тұрмыз деп жауап бердім. Жер халықтікі деген анықтама шын мәнінде осы саладағы қарым-қатынастарды одан әрі қайта қарауға мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, «Ақ жол» демократиялық партиясы Үкіметтен Қазақстанның қазба байлығын пайдаланатын шетелдік компанияларға қатаң талаптар қоюды көптен бері талап етіп келеді. Мәселе салықтарда ғана емес, олардың отандық мердігерлердің технологиялық дамуына, өнімнің жаңа түрлерін, ауыстырылатын қондырғылар мен бөлшектерді игеруіне көмектесуінде; жұмысшылар арасында да, мамандар мен басшылар арасында да қазақстандық кадрларды дайындау мен тәрбиелеуде.

Бүгінгі таңда Қазақстан жер қойнауын пайдалануға арналған жаңа келісім-шарттарда және өзара есеп айырысу саясаты аясында осындай талаптарды қоя алады және қолданыстағы келісімшарттарда өз мүдделерін күшейтуге ұмтылады деп ойлаймыз. Бұл мемлекеттік органдардың құқығы ғана емес, олардың жер мен қазба байлықтарының түпкі иесі – халық алдындағы тікелей міндетіне айналады.

Ал, тұрғын үй мен жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алу кезегіне келсек, бұл саладағы жемқорлық пен әділетсіздікті қалай жоюға болады деген сұрақ туындайды. Жалпы, реформаның міндеті – билікті халыққа жақындату. Референдумда Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар қабылданғаннан кейін басқа да ондаған заңдар дәл осы бағытта қайта қаралатын болады. Тұрғын үй саясаты туралы заңнамаға, бұл салада адал да әділ қарым-қатынасқа жетеміз деп сенемін. Бірақ мұндай өзгерістерге жол ашу үшін алдымен 5 маусымда сайлау учаскелеріне келіп, Конституциялық реформаны қолдау керек.