13
Желтоқсан

Азат Перуашев: Алаш идеясы – «Ақ жолдың» басым бағыты

13 желтоқсан 2022 жыл, “Ақ жол” демократиялық партиясының баспасөз қызметі


«ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды.

Бүгін Астана қаласында «Ақ жол» демократиялық партиясы жыл сайын өткізетін «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының биылғы қорытынды кезеңі өтті.



Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық бағдарламасын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттауды мақсат еткен «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауы биыл 11-ші рет өткізіліп отыр. 


Байқаудың ашылу салтанатында «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев байқаудың идеологиялық маңызы, Алаш тақырыбын кеңінен насихаттау партияның басты мақсаттарының бірі екенін айтып өтті.

- Алаш идеясының өзегінде экономикалық қуаттылық, тәуелсіз мемлекетті құру, демократия, парламентаризм секілді бірқатар бағыттар бар. Алаш арыстары осы бағыттың әрқайсысын да тең ұстады. Олардың идеясы әлі де өз құндылығын жоғалтқан жоқ, жоғалтпайды да. Бүгінде біреулер Алашты тарих, өткен заман деп есептейді. Мен олармен келіспеймін. Себебі, Алаш идеясы әр қазақтың қанында бар. Бұл біздің бүгініміз бен болашағымыз. Бұл байқаудың партиямыз үшін де маңыздылығы жоғары. Алаш идеясы партиямыздың басым бағыты болып табылады. Себебі, Алаш мұрасынан еліміздің саясаты мен экономикасына қатысты қажеттінің барлығын табуға болады. Бұл жалпыұлттық байқау өз жалғасын таба береді. Осы байқаудың іргетасын салуға ат салысқан тұлғаларға алғысым шексіз. Бүгін байқауда бақ сынап отырған жастарға сәттілік тілеймін. Алашты зерттеу арқылы әлі талай жаңалықты ашасыздар. Тек қана Ақ жол! - деді Азат Тұрлыбекұлы. 

Атап өту керек, бұған дейін Оралда өткен биылғы байқаудың ІІ кезеңіне сараптау комиссиясы байқауға түскен жұмыстарды тексеріп, 4 номинация бойынша жалпы саны 40 үздік жұмысты іріктеп, қызу пікірсайыстың нәтижесінде ақтық кезеңге 13 үздік жұмыс өткен болатын.


Елордада өткен байқаудың ақтық кезеңіне “Egemen Qazaqstan” бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы төрағалық етсе, әділқазылар алқасы мүшелерінің қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұл, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер мен ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп секілді белгілі алаштанушы ғалымдар болды.


Әділқазылар алқасының шешімімен «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып мына авторлар танылды:

- «Алаш идеясы және Екінші республика» номинациясы бойынша:

I орын  Құлдан Сүлеймен (Маңғыстау облысы); 

II орын Өтеміс Айгүл (Алматы қаласы);

III орын Төреқұлова Камшат (Маңғыстау облысы);

- «Қазіргі заман шындығы аясындағы Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы» номинациясы бойынша:

I орын  Сман Жансая (Ақтау қаласы);

II орын Абдрахим Мирас (Алматы қаласы);

III орын Ералыұлы Мадияр (Тараз қаласы); 

 - «Алаш қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары және кәсіпкерлікті дамыту» номинациясы бойынша:

I орын Жылқайдарова Гүлім (Астана қаласы);

II орын Мұхтасарқызы Ақерке (ШҚО); 

III орын Бутеев Бактияр (Қарағанды қаласы);

- Алаш тарихының «актаңдақтары» номинациясы бойынша:

I орын Сисенова Динара (Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы) 

II орын Қамиева Нұргүл Ерболатқызы (Атырау қаласы);

III орын Жауынбай Жылқыбайұлы (Астана қаласы);

«Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы сыйлықтың иегері Жастлек Надия (Орал қаласы);

Жас алаштанушыларды құттықтай отырып, ғылыми ізденіс жолында сәттілік тілейміз!