Апта соңында Мәжіліс депутаттары, "Ақ жол" демпартиясы төрағасының орынбасарлары Ерлан Барлыбаев пен Қазыбек Исамен, сондай-ақ, партиямыздың Алматы қалалық филиалының төрағасы Олжас Нұралдиновпен бірге Алматыда бірқатар шаралар өткіздік.
Өңірдегі филиалдарымыздан делегаттар қатысқан «Ақ жол» демократиялық партиясы жастар конференциясының жұмысына қатыстық.
Конференция аясында «Ақ жол» демпартиясының Саяси бағдарламасы тақырыптары бойынша бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылып, төрт номинация бойынша үздік жұмыстар таңдалды.
Үздік қысқаметражды видео– Қалампыр Қуанышбек (Жамбыл облысы);
Үздік режиссер - Қанат Жолдасбеков (Шымкент);
Бірегей сюжет - Гүлжан Қызайбаева (Алматы облысы);
Үздік операторлық жұмыс - Фарида Ақатова (Батыс Қазақстан облысы)
Сонымен қатар, «Aq jol Cup» пікірсайыс турнирінің қортынды кезеңі өтіп, жеңімпаздары анықталды:
1 орын - Бинұр Тұрысбекова (Семей)
2 орын - Жандос Тайлақов (Көкшетау)
3 орын - Әлішер Саматай (Ақтөбе)
4 орын - Арман Жарылқасынұлы (Алматы).
Пікірлес жастармен тілдесіп, олардың қайраты мен жігерін сезініп, партияның Ұлттық кеңесі жанындағы Жастар кеңесінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын талқыладық.
***
Одан кейін Қаржыгерлер қауымдастығының (төрайымы – Елена Бахмутова) өтініші бойынша Қазақстандағы ірі банктер басшылығының өкілдерімен кездестік. Кездесу аясында жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс барысы, сондай-ақ осы жұмада ірі бизнес өкілдерімен кездесуде айтылған мемлекет басшысының банктердің экономиканы қаржыландыруға қатысуы және азаматтар мен кәсіпкерлердің қарыздық жүктемесін азайтуға қатысты тапсырмалары талқыланды.
«Ақ жол» демократиялық партиясының жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс тобына енгізген ұсыныстарын талқыладық.
Атап айтқанда, Қаржыгерлер қауымдастығы «Ақ жол» демпартиясының банктер үшін корпоративтік табыс салығын (КТС) 35%-ға дейін ұлғайту туралы ұсынысын тым жоғары деп санайды. Олардың пікірінше, бұл қосымша ауыртпалық туғызады, себебі, банктердің табысына қазірдің өзінде пруденциалдық нормалар мен өтімділік нормативтері салынады, оның шеңберінде банктер мүмкін болатын несиелік тәуекелдерді жабу үшін провизияларды/резервтерді қалыптастыруға міндетті.
Осыған байланысты, олардың пікірінше, үкімет ұсынғандай КТС мөлшерлемесі 25% болса, акционерлерге дивиденд төлеуге де іс жүзінде ешқандай қаржы қалмайды.
Бұл жөнінде қызықты пікірталас болды. «Ақ жол» демпартиясы бизнес партиясы ретінде банк секторы сияқты маңызды саланың мүддесін сөзсіз түрде ескеруі керек. Сонымен қатар, біздің міндетіміз инвесторлардың кірісіне ғана мән беру емес, ең алдымен өндірістік экономиканы дамыту.
Сондықтан, біз ұлғайған КТС мөлшерлемесін банктер кірісінің барлық көлеміне емес, тек бизнесті несиелеу шеңберінен тыс алынған бөлігіне қолдануды ұсынамыз. Атап айтқанда, мәселе қаражатты мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) орналастыру арқылы алынған кірістер жөнінде.
Экономиканы қаржыландырудан түсетін пайдаға келетін болсақ, біз қазіргі 20 пайыз деңгейіндегі КТС мөлшерлемесін сақтауды ұсынамыз.
Сонымен қатар, біздің 35% КТС бойынша бастамамыз басқа салаларға қарағанда банктердің ҚҚС төлемейтіндігіне байланысты, сондықтан біз бұл салықтың жоғалған сомасын КТС-ке қосуды әділетті деп санаймыз.
Банк өкілдері қазірдің өзінде мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табысқа жоғары салық салынуда деп есептейді. Сонымен қатар, олардың пікірінше, біздің ұсыныстарымыз банктердің бизнесті несиелендіруге және инвестиция тартуға одан әрі үлес қосуына кедергі келтіруі мүмкін.
Осыған байланысты біз несиелеудің өзінде байқалып отырған теңгерімсіздікке әңгімелесушілеріміздің назарын аудардық. Қазіргі уақытта банктер портфелінің негізгі үлесін тұтынушылық несиелер алады, олардың көлемі бизнес несиелерінен асып түсті.
Бұл экономикадағы теңгерімсіздікке ұласады, себебі, тұтыну өндіріске қарағанда тез өсіп, бұл ақша көлемінің тауар көлемінен асып кетуіне әкеледі. Нәтижесінде инфляциялық қысым күшейіп, нарықтың импортқа тәуелділігі артады, бұл да ұлттық валютаның тұрақтылығына теріс әсер етеді.
Осылайша, банк жүйесі қазақстандық өндірушілерді қолдаудың орнына іс жүзінде инфляцияны және біздің шетелдік бәсекелестерімізді ынталандырып, отандық кәсіпорындар жеткіліксіз қаржыландырылады.
Банктердің табысын қосымша салық салуға босату үшін пруденциалдық талаптарды жеңілдету де талқыланып жатқанын жеткіздік, алайда банктер бұл жүйенің тұрақсыздығы тәуекелдерін арттырып, дағдарыс жағдайында кезекті рет «банктерді құтқару» үшін қосымша мемлекеттік шығыстарды қажет етеді деп есептейді.
Талқылау барысында біз үкімет ұсынған банк қызметінің жекелеген түрлеріне ҚҚС енгізу салық салу әдістемесіне қайшы келетініне келістік, өйткені қаржылық/несиелік операциялар кезінде қосылған құн өздігінен қалыптаспайды, сондықтан мұнда ҚҚС салық салу объектісі жоқ. Отырысқа қатысушыларға «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік органдардың мұндай ұсыныстарына қарсы шығатынын айттым.
Осы пікірталас аясында валюта нарығындағы жағдайға да тоқталып, теңгенің тұрақсыздығына ресейлік фактордың ықпалын және Ұлттық қор қаражатының шайылуын атап өттік; шетелдік мүдделі тұлғалардың валюталық саудаға тікелей немесе жанама қатысуын қосымша реттеу қажеттігін қозғадық.
Мобильді және қолма-қол ақшасыз төлемдер үшін комиссия мәселесін талқыладық. Атап айтқанда, шағын және орта бизнес кәсіпкерлері картамен төлеу кезіндегі банктік комиссиялардың 3-тен 5%-ға дейін жоғары болуына шағымдануда, бұл мемлекетке түсетін бөлшек сауда салығымен тең деуге болады.
Банктер өз пайдасының 1%-дан аспайтынына, ал қалған сома халықаралық төлем жүйесі операторларының қызметтерінің құны екендігін айтуда.
Өкінішке орай, Ұлттық банк мұндай комиссиялардың құнын төмендететін ұлттық төлем жүйесін әлі іске қосқан жоқ. Дегенмен, банк өкілдері сендіргендей, бұл бағытта жұмыс жүргізілуде және олар бұл жүйенің орта мерзімді перспективада іске қосылуын күтуде.
Сондай-ақ, бизнес өкілдерінің өтініші бойынша мен Ресейге экспорттау үшін жоғары технологиялық өнім шығаратын бірнеше қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың жағдайы туралы мәселені көтердім.
Өткен жылдан бері банктер қайталама санкциялар қаупінен қорқып, олардың қызметін қаржыландырудан бас тартты. Еурокомиссия өкілі Дэвид О’Салливанның шектеулер тек Ресейге тауарлардың реэкспортына қатысты және Қазақстанның өзінде өндірілген өнімдер экспортына әсер етпейтіні туралы жақында берген түсініктемелерін банктер сенімсіз деп санайды.
Олардың пікірінше, бұл жерде тауарды қайта экспорттау немесе өндіру фактісі емес, олардың санкциялар тізіміне енуі шешуші рөлге ие. Банк өкілдерінің айтуынша, бұл Еуропалық комиссия болмаса да, АҚШ-тың санкцияларына ұшырау, оның ішінде SWIFT жүйесінен ажырату қаупін тудырады.
Сондықтан кейбір қазақстандық зауыттардың жағдайының күрделілігін түсінгенімен, банктер бұл мәселені үкімет деңгейінде және халықаралық келіссөздер арқылы шешуді ұсынды.
Айта кету керек, мен бұл мәселені вице-премьер Серік Жұманғаринмен, сондай-ақ Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен талқылаған болатынмын, олардың айтуынша, мәселе үкіметтің назарында, бірақ жағдайдың кепілді шешімі әлі әзірленген жоқ. Нәтижесінде, зауыттардың өз деректері бойынша олардың Ресей Федерациясына электротехникалық өнімдерді экспорттауы 15%-ға қысқарды.
Жалпы, Елена Бахмутова басқаратын Қаржыгерлер қауымдастығының тілегін, сондай-ақ біздің сұхбаттастарымыздың банктерге салық жүктемесін арттырудың мүмкін еместігі туралы дәйектері мен себептерін тыңдай келе, «Ақ жол» фракциясының депутаттары белгіленген тәуекелдер мен саланың шығындарын ескере отырып, осы жағдай бойынша одан әрі диалог жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.
Дегенмен, қазіргі бюджеттік жағдай үкіметті бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру арналарын кеңейтуге мәжбүр етіп отырғанын атап өттім. Ал банк секторы кез келген жағдайда бұл ауыртпалықтан тыс қалмайды. Біз балама ұсыныстарды қарастырып, енгізуге дайынбыз, бірақ олар банктердің бюджетке салымын арттыруды қамтамасыз етуі керек.
Бұл таңсық жағдай емес, бүгінде көптеген елдерде бюджеттерін толтыруда ұқсас проблемалар туындайды - атап айтқанда, Балтық жағалауы республикаларын мысалға келтірдім, онда жақында банкетерге басқа салықтарға қосымша 30% көлемінде табысқа «ынтымақтастық салығы» енгізілді (https://rus.delfi.lv/biznes/37448553/bnews/120049385/nalog-na-sverhpribyl-dlya-bankov-evropeyskiy-centrobank-ukazyvaet-na-riski).
Сондықтан, банк секторындағы әріптестерімізді істің жай-күйіне шынайы көзқараспен қарап, қарсылық білдіріп қана қоймай, біздің көзқарастарымыз қанағаттандырмаса, бюджет кірісін толықтыратын балама шешімдерді ұсынуға шақырдым.
«Ақ жол» демпартиясының саламен диалог орнатуға және бизнестің осындай маңызды саласындағы әріптестеріміздің пікірін тыңдауға дайын екендігін атап өттім; заң жобасы бойынша консультацияларды жалғастырып, бірлесіп жұмыс істеуге келістік.