19 қыркүйек
2024 жыл, Астана қалалық филиалы
«Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстанда АЭС салу бойынша алдағы уақытта өтетін референдум қарсаңында Еуразиялық банк ұжымымен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
6 қазанда өтетін референдум алдында ұйымдастырылған кездесу халықты АЭС құрылысының елдің энергетикалық тұрақтылығына қосатын үлесі туралы хабардар етуге бағытталды. Сонымен қатар, кездесуге Астана қалалық филиалының төрағасы, елордалық мәслихат депутаты А.С.Смағұлов қатысты.
Азат Перуашев өз сөзінде атом электр станциясын салу Қазақстанның
энергетикалық көздерін әртараптандырудағы маңызды қадам екенін ерекше атап
өтті. Оның айтуынша, энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешу елдің
өнеркәсіптік дамуына жаңа серпін беріп, жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етеді.
АЭС құрылысының кешігуі Қазақстанның дамуын ондаған жылға тежеп, кейіннен ел
экономикасына айтарлықтай шығын әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Бұл тақырыпты әрі қарай Астана қалалық филиалының төрағасы Асқар Смағұлов жалғастырды. Ол әр азаматтың жеке пікірі мен дауыс беру құқығына ие екенін атап өтіп, барлығын референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу қорытындысында Азат Перуашев қатысушылардың маңызды сұрақтарына жауап берді.
«Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету
мақсатында, осы жобаның маңыздылығы туралы халықты кеңінен хабардар ету үшін
бүкіл ел аумағында бірқатар ақпараттық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.