15
Ақпан

Азат Перуашев Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушылары және студенттерімен кездесу өткізді

15 ақпан 2024 жыл,  «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Бүгін «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев Астанада Қазақ технология және бизнес университетінің студенттері және оқытушыларымен «Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытудың проблемалары мен келешегі» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесу экономика ғылымдарының докторы, профессор Гүлнәр Дұғалованың ғылыми семинары аясында өтті.

Қазақ технология және бизнес университеті тамақ, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау өнеркәсібі, құрылыс материалдары өнеркәсібі, қонақжайлылық индустриясы, ақпараттық технологиялар, жасыл экономика және энергетика салаларына жаңа мамандарды даярлайтын мамандандырылған ЖОО болып табылады.


Кездесу барысында DBA Азат Перуашев индустрияландыру, банктік-шикізаттық парадигмадан ұлттық экономиканың өндірістік сипатына көшу тақырыптарына тоқталды.

Қаржы-несие, салық, инвестициялық, сыртқы экономикалық саясат, техникалық реттеу, мемлекеттік сатып алу мәселелері, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қамтылды.

А.Перуашевтың сараланған салықтарды енгізу, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі, Қазақстанның табиғи ресурстарын пайдалану туралы ұстанымдары аудиторияның қызығушылығын тудырды. «Ақ жол» лидері ірі мұнай-газ жобалары бойынша ӨБК шарттарын жария етуге қатысты Үкіметпен пікірталастар, демократтардың тау-кен және металлургия алпауыттарына отандық өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз ету талаптары, ҚҚС арттыру, Салықтық және Бюджетік кодекстері төңірегіндегі даулар, Өнеркәсіптік саясат туралы заң және Жер қойнауы туралы кодекс жөнінде айтып, 7 ақпанда өткен Үкіметтің жаңа отырысында Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмаларына қатысты пікірімен бөлісті.

Әңгіме барысында экономика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Сәдуақасова, философия ғылымдарының кандидаты, ассоциациаланған профессор (доцент) Р.Байымбетова, тарих ғылымдарының кандидаты, ассоциациаланған профессор (доцент) В.Ешпанов, өзге де студенттері мен оқытушылар өз сұрақтарын қойды. Азат Тұрлыбекұлы қойылған сұрақтарға жауап беріп, осындай кездесулерді жалғастыру туралы ұсыныстарды қолдады.