Президенттің Қазақстан халқына жасаған жолдауы оның сайлауалды бағдарламасы болды, деді мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
"Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі кезде беделі өте жоғары. Бүгінгі жолдауды Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы деп айтуға болады. Мысалы, қаңтар оқиғасына қатысқан жастарымызға рақымшылық жасау туралы айтты. Бұл өте дұрыс, мықты қадам. Мен өзім қаңтар айынан бері бірнеше түрмеде болып, жастарды аралап шықтым. Жүзден астам жастарға арнап, бас прокурорға хат жазып, оларға дұрыс, адамгершілікпен қарауды ұсындым. Президент өзінің жолдауында бұл мәселеге жүйелі деңгейде дұрыс ұсыныс жасап, нүкте қойды. Расында да, рақымшылық жасап, жастарға әділеттілік танытуымыз керек", – деді депутат.
Азат Перуашев алда болатын кезектен тыс президент сайлауы мен парламент сайлауына қатысты ойын білдірді.
"Қазақстандағы жүйені өзгертуге көмектесе ме дегенге келсек, негізі жүйені өзгертетін сайлау емес, жүйені өзгертетін – Конституция. Конституцияға қатысты референдум өтті. Мен үшін қазіргі жарияланған сайлау аса тосын болған жоқ. Себебі, Конституцияға өзгерістер енгізгеннен кейін сайлауды өткізуге міндеттіміз. Біз ендігі кезде сайлау өтізіп, саяси инситуттарды Конституцияның жаңа редакциясына сай келтіре аламыз", – деді депутат.
Сонымен қатар депутат жаңа партиялар құрып, тіркеуді кейінге қалдырмауды ұсынды.
"Президент сайлауына келсек, Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа да кандидаттар болады деп ойлаймын. Біз еркін, демократиялық даму жолын таңдаған елде тұрамыз. Сол себепті сайлауда лайықты кандидаттар болады деп ойлаймын. Қазір ешкімді атай алмаймын. Себебі, шешімді бір адам емес, партиялар, қозғалыстар қабылдайды. Енді жаңа партиялар шығатынына күмәнім жоқ. Менің ойымша, жаңа партиялар құрып, тіркеуді кейінге қалдырмауымыз керек. Себебі, біз сайлаушыға тиісті таңдау құқығын берсек, олар өзінің көзқарасына жақын үмкіткерді, партияны таңдап алады. Олай болса, сайлауға қызығушылық та өседі", – деді Азат Перуашев.
Депутат сайлаудың әділ өтуіне атсалысу керек екенін атап өтті.