19
Ақпан

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы Қарағанды облысына барды

19 ақпан 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Кеше ҚР Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттыққа кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихаты басталды. «Ақ жол» демократиялық партиясы өз кампаниясын Ұлытау облысынан, Қазақ хандығының арғы атасы Жошы ханның кесенесі барып, тағзым етуден бастады.

Бүгін партия лидері Азат Перуашев, партия төрағасының орынбасарлары Қазыбек Иса мен Берік Дүйсенбинов, сондай-ақ, партияның жергілікті филиалының жетекшісі Ермек Әбілдин бастаған «Ақ жолдың» үгіт-насихат тобы Қарағанды ​​облысына келіп, кәсіпкерлермен және облыс жұртшылығымен кездесулер өткізді.


«Қарағанды облысының ерекшелігі ірі бизнестен бөлек, мұнда шағын және орта кәсіпкерліктің қарқынды дамығанында. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін мұнда жұмыс істеп жатқан ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар жергілікті кәсіпкерлердің мүддесін ескермей келді. Одан бөлек, атқарған жұмыс пен жеткізілген өнімнің ақысы оларға жылдап төленбей келді. Біз бұл мәселені Мәжіліс мінберінен депутаттық сауалдарымызда бірнеше рет көтердік. Атап айтқанда, мұндай түйткілді мәселелер туралы шағымдар «Ақ жолға» Теміртаудағы бизнес өкілдерінен келіп түскен. Былтыр Мемлекет басшысы ұсынған Конституция реформасының аясында «Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі» деген басты норманың енгізілуі маңызды новелла деп санаймыз. Осы нормаға сәйкес ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен қарым-қатынастарды қайта қарау қажет.  Олардың тапқан пайдасы шетелге шығарылмауы керек, олар жұмысқа қазақстандық компариялардың тізіміндегі жергілікті кәсіпкерлерді тартуы қажет», - деді Азат Перуашев.

Сонымен бірге, «Ақ жол» демпартиясының үгіт-насихат тобы партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. ШОБ-ты қолдауға қатысты тармақтар кәсіпкерлер тарапынан үлкен қолдауға ие болды, мысалы, салық органдарының шешімімен мәмілелерді жарамсыз деп тануға тыйым салу, шағын бизнестің салық есептілігін патентпен ауыстыру, ТІЖ және тауарларды таңбалаудан бас тарту және т.б.


Жиын барысында сөз алған жергілікті кәсіпкерлер еркін экономикаға және адал бәсекелестік жолына көшу, монополияға жол бермеу, мемлекеттің бизнеске араласуын шектеу қажеттігі туралы айтты.

Жиырмаға жуық теміртаулық кәсіпорын «Арселор Митталдың» жергілікті тауар жеткізушілерге қысым жасауы, олардың заңды құқықтарын бұзуы, орындалған келісім-шарттар бойынша төлемдерді көп айға кешіктіруі және т.б. мәлімдеді.

Кешке үгіт-насихат тобы қала ақсақалдарымен кездесу өткізіп, Алаш Республикасының лидері Әлихан Бөкейхан туралы деректі фильмнің көрсетілімін тамашалады.