Алматы және Алматы облысының кәсіпорындарында бірқатар кездесу өткіздік. Іле ауданындағы “Сары-Бұлақ” құс фабрикасында ұжым мен компания иесі Жеңіс Смайыловпен әңгімелесіп, жұмыс процесімен таныстық.
Жалпы, құс өсіру саласы бүгінде күрделі кезеңнен өту үстінде: олардың айтуынша 2023 жылы 48 құс фабрикасының 11-і жұмысын тоқтатқан. Негізгі мәселелер – мемлекеттік органдардың (әкімдік пен монополияға қарсы комитеттің) жұмыртқа бағасын өсірмеу талабымен қоса жемнің қымбаттауы. Солай бола тұра, Ж. Смайыловтың айтуынша делдалдардың әрекетін ешкім шектемейді: сауда желілері жұмыртқамен қамтамасыз ету бойынша өндірушімен тікелей келісімшартқа отырудан бас тартып, тек алып-сатарлар арқылы жұмыс істеп жатыр.
Осының нәтижесінде, фабрикадан бір данасы 41 тг сатылса, дүкендерде 65-тен 80 тг дейін, яғни, 1,5-2 есе қымбатқа сатылады. “Бағаны осылай реттеуден кім ұтады? - деп наразылық танытады кәсіпкер, - халық та, фабрика да емес, өздері ешнәрсе өндірмейтін делдалдар”. Осыған байланысты, сала сауда желілерін тікелей өндірушімен жұмыс істеуге міндеттеуді сұрайды.
Соңғы кезде асқынып тұрған тағы бір мәселе жұмыртқа табатын құстарды жүйелі түрде жаңартуға керекті аналық үйір мен инкубатордың жоқтығы болып отыр.
Балапандарды Европадан әкелу өте қымбатқа түседі және қалыпты баға аясында жұмыртқа өзіндік құнына кірмейді; сондықтан, бұрын балапандар Ресейден жеткізілетін. Бірақ, белгілі себептерге байланысты Ресейдің өзінде тапшы болып, жұмыртқа бағасы күрт өсіп отыр. Осыған байланысты бұрынғы жеткізушілер балапан жіберуден бас тартып, тіпті, керісінше, бізден өздеріне 70-75 тг-ге жұмыртқа сатуды сұрауда.
Фабрикалар жасарудың болмауы себебінен жұмыртқа табатын құстардың санын азайтып, өнім шығаруды қысқартуда.
Мәселені аналық үйір мен инкубатор алу арқылы шешуге болады, алайда, бұған қосымша қаражат керек. Кәсіпорындар бұған дейін де банктер мен Аграрлық несие корпорациясының алғашқы қиындықтар кездескенде-ақ несиені уақытынан бұрын жабуды немесе құны он есе аз қарыз үшін кешеннің өзін беруді талап еткен саясатымен бетпе-бет келген. Нәтижесінде Ж. Смайылов жұмыс істеп тұрған бройлер өндірісін сатуға мәжбүр болған.
Бизнеске көмек қолын созған жалғыз ұйым – ҚазАгроФинанс екенін айтады кәсіпкер. Сондай-ақ, ол "Ауыл-аманаты" бағдарламасы бойынша қажетті қаржыны бөлген Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) рөлін жоғары бағалады.
Жалпы, Жеңіс Смайылов пен оның командасымен әңгіме жағымды әсер қалдырды.
Компания саладағы жағдайды егжей-тегжейлі баяндап, мәселеге қандай шешім ұсынатынын жолдайды деп келістік.
Сол жерде бүгінде өнімдерінде негізгі орынды алкогольсіз сусындар алып отырған «Первый пивзавод» ЖШС жұмысымен де таныстық. Бір жарым ғасырлық тарихы бар ірі кәсіпорын 2013 жылы Алматыдан көшіріліп, бүгінде аудандық, облыстық бюджетке донор боп отырған кәсіпорындардың бірі.
Зауыт заманауи еуропалық жабдықтармен жабдықталған, белсенді түрде кеңейіп, жаңа цехтарда өндірістік желілер орнатылып жатыр. Кәсіпорын басшылығы Денсаулық сақтау министрлігінің газдалған және құрамында қант бар сусындарға акциз салығын енгізу жоспарына алаңдаулы.
Олардың қарсы уәжі қисынды: егер қант зиянды болса, онда неліктен сусындарға ғана мұндай шектеу қолданбақ? Неліктен қанттың өзіне, тәттілерге, кондитерлік өнімдерге және т.б. ұқсас акцизді енгізбеске? Оның үстіне өнімнің едәуір бөлігі экспортқа шығарылады. Мүдделі тараптарды шақыра отырып, бұл мәселені фракция отырысында жан-жақты талқылауды ұсындым.
Алматыда тамақ өнеркәсібіне қажетті ингредиенттер шығаратын «Eligita» компаниялар тобында болып, зертханалардың жұмысын көріп, ұжыммен әңгімелестік.
Бизнес еуропалық серіктестермен тығыз жұмыс істейді, белсенді түрде кеңейіп келеді және жақында Бішкек пен Ташкентте кеңселері ашылды. Холдинг басшылығының ұсынысы бойынша, көпжылдық еңбегі үшін зауыттың екі қызметкеріне «Еңбегім еліме» құрмет белгісін («Ақ жол» демократиялық партиясы мен ҚР Ұлттық өнеркәсіп палатасы тағайындаған) табыс еттім.
Бизнесті дамытудың өзекті мәселелері мен келешегін, сондай-ақ отандық өндірушілерге мүмкін болатын көмегімізді талқыладық.
Ертең жұмысты жалғастырамыз.