24
Қыркүйек

Азат Перуашев: Бұл күндері Ақмола облысында жұмыс істеудеміз

https://t.me/peruash/12070

Бұл күндері Ақмола облысында жұмыс істеудеміз. Степногорск қаласында "Ақ жол" демпартиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыстық маслихат депутаты Саят Сыздықов және оның орынбасары Борис Мельниковпен бірге Степногорск тау-химия комбинаты мен Степногорск ЖЭО-ның еңбек ұжымдарымен кездестік.

Депутаттық қызметті талқылаудан бөлек, кездесуде көтерілген негізгі мәселе АЭС құрылысы бойынша алдағы референдум болды. Осы орайда, мамандардың пікірі (СТХК уран өндірісі саласында, ЖЭО - энергетика салаларында жұмыс істейді) ерекше назар аударарлық.

Кездесуге қатысушыларға атом энергетикасының артықшылықтарын біз емес, керісінше олар бізге түсіндіріп берді.

Мәселен, екі кәсіпорын инженерлері бейбіт атомның заманауи технологияларының қауіпсіздігі, олардың энергетикалық тазалығы жөнінде бірауыздан әңгімелеп, ал, осы мәселе төңірегіндегі кейбір сарапшылардың дүдәмалдарына "нашар оқыған" деп қысқаша жауап қайырды. АЭС жобасын жүзеге асыру мәселелерінің тізбегі бойынша ИТЖ тарапынан кадр даярлығы ғана сұрақтар туғызып отыр. Жоғары оқу орындарында арнайы мамандық енгізіп ғана қоймай, 3-5 не одан да көп жыл бойы тәжірибе жинақтап, тиісті қуаттылық іске қосылған соң Қазақстанға қайтып келуі керектігі туралы шартпен қазірден бастап отандық инженерлер мен техниктерді жұмыс істеп тұрған шетелдік АЭС-терге жолдау туралы пікірлер айтылды.

Күн және жел энергиясы секілді баламалы қуат көздерін жұмысшылар сенімсіз деп атап, Петр Капицаның 1972 жылғы мақаласымен танысуыма кеңес берді. Онда жаңартылатын энергия көздерінің барлық түрлері ішінен атом энергетикасы ең тиімді екені тайға таңба басқандай жазылған.

Сонымен қатар, элект энергиясының тапшылығын толыққанды толтыру үшін инженерлер газды электростанцияларымен қатар дәстүрлі көмір генерациясын дамытуға баса назар аударды. Осыған байланысты, мемлекет қыруар инвестиция бөлгенімен станцияларды жөндеу мен модернизациялауды тежеп отырған энергетикалық жабдықтардың жетіспеушілігі мәселелерін талқыладық.

Құрылыс жүргізуі мүмкін мердігерлерге байланысты ресейлік компанияға қатысты санкциялардың қаупі туралы айтылып, жоба жүзеге асқан жағдайда осыған мән беруді сұрады.

Сондай-ақ, Ерейментауда өткен дәстүрлі "Алаш Мемориалы" күрес турнирінің бапкерлері, спортшылары мен жанкүйерлерімен референдум тақырыбын қаузадық. "Ақ жол" демпартиясы барлық өңірлердің спортшылары қатысатын аталмыш турнирді жыл сайын өткізіп келеді. Биылғы жылы бас жүлдені Алматы қаласының құрамасы қанжығалады. Жеке есепте әртүрлі салмақ дәрежесінде Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Абай облыстары мен Астана қаласының палуандары алтыннан алқа тақты.