23
Қыркүйек

Азат Перуашев: Депутаттың сөзіне тосқауыл қоюға ешкімнің құқығы жоқ

23 қыркүйек 2023 жыл, “Ақ жол” демократиялық партиясының баспасөз қызметі

 

Бүгін Астана қаласында «Ақ жол» демократиялық партиясы депутаттарының форумы өтті. 

Тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған форумға «Ақ жол» демпартиясының Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары, партияның барлық филиалдарынан келген делегаттар қатысты. 

Еркін пікір алмасу форматында өткен шараны партия лидері, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев өзі жүргізіп, делегаттардың көкейдегі сауалдарына жауап беріп, кейбір өзекті мәселелерге қатысты өз ойларымен бөлісті. 

Ортадағы топқа мәслихат регламенті туралы толғамын жеткізген «Ақ жол» басшысы депутаттардың сөзіне ешкімнің шектеу қоюға құқы жоқтығын ескертті. 

- Депутаттың сөзіне тосқауыл қоюға ешкімнің құқығы жоқ. Әкімді сынайсыз ба, жоқ па, өз еркіңіз. Себебі, сіз депутатсыз - халықтың, сайлаушылардың өкілісіз. 

Ол, сондай-ақ, партияның сайлау науқаны кезіндегі бақылаушыларына қатысты да айтып, олардың ерекше белсенділігіне алғысын білдірді. 

- Соңғы сайлаудағы партия атынан бақылаушы болған азаматтар ерекше белсенділік танытты. Шымкент қаласы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарындағы бақылаушылар айырықша танбандылығымен көзге түсті. Бақылаушы тек заңгер емес, партиямыздың еншісіндегі әрбір дауысты қызғыштай қорғай алатын рухты, мінезді адамдар. Ондай адамдар сирек кездеседі, - деген Азат Тұрлыбекұлы жиынға қатысып отырған делегаттарға партияның бақылаушылары штабын құруды ұсынды. 

Көпшілік бұл ұсынысты бір ауыздан қолдап, қошемет көрсетті. 

Бақылаушылар мәселесін алға тартқан партия төрағасы алдағы аудан және ауыл әкімдері сайлауына «Ақ жол» үміткерлері белсенді түрде қатысуы керектігін атап өтті. 

Форум барысында өңірлерден келген делегаттар да сөз алып, өз сауалдары мен ұсыныстарын жеткізді. Мысалы, Түркістан облысы өкілі Ардақ Мансуров сайлау науқаны кезінде бақылаушылар анықтаған заңбұзушылықтар бойынша нақты заңдық баға берілуі керектігін айтты. 


Жиын барысында партия төрағасы қазіргі уақытта атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға да тоқталып өтті. 

- Біз бірқатар аса маңызды мәселелерді көтерудеміз. Бұл ең алдымен Президенттің Жолдауында берілген тапсырмалар бойынша атқарылған нақты жұмыстар жөнінде Үкіметтің Парламентке есеп беруі мен Парламенттік тергеу. Мәселен, президенттің бүкіл елге жариялаған Жолдауы қалай орындалып жатыр, қандай нақты міндеттер орындалды, қандай шаралар атқарылмады, атқарылмаса оған кім жауапты, халық осының бәрін білуі керек. Ол үшін Үкімет Жолдауды жүзеге асыру нәтижесі бойынша халықтың өкілі саналатын Парламент депутаттарына есеп беруі шарт. Бұл Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың «Мықты президент - ықпалды парламент - есеп беретін үкімет» қағидасына сай бастама. Екіншіден, парламенттік тергеу. Біз түгіл,  көрші Ресей мен Өзбекстанда парламенттік тергеу институты бар. Барлық дамыған елдерде парламенттік тергеу жүргізіледі. Қоғамда орын алып жатқан резонансты оқиғалар, адам шығынына әкелген апаттар, т.б. аса өзекті мәселелер бойынша парламенттік тергеу жүргізілуі керек деп санаймыз, - деді А. Перуашев.


Сонымен қатар, форум аясында партия төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Ұлттық кеңес хатшысы, белгілі публицист, журналист Арман Сқабылұлы, өңірдегі филиал жетекшілері де сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті.