Жексенбі күні Ерейментау қаласында жақында
қайта жөндеуден өткен өрт сөндіру бөліміне бардық. Онда Ақмола облысы Төтенше
жағдайлар департаментінің басшысы Бахытжан Алашұлы өңірдің 36 бөлімшеден
тұратын құтқару қызметін жаңғырту және қайта жарақтандыру барысы туралы айтып
берді. Сондай-ақ боран мен көктайғақ қатар жүретін қыс маусымының біртіндеп
аяқталуы мен су тасқынына дайындық мәселелері сөз болды. Үкіметтің кеңейтілген
отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тақырыпқа назар аударған болатын.
Аталған бағытқа жергілікті әкімдіктермен бірге ТЖМ жауап береді.


Облыстық ТЖД бөлімшелерді қайта
жарақтандырумен белсенді айналысуда: техниканы жаңартып, ескі ғимараттарды
қайта жөндеп, бөлімше орналасқан жерлерді реттеп, жеке құрамға жағдай жасауда.
Олардың қатарында дене шынықтыру дайындығы мен психологиялық жеңілдету
кабинеттері бар (жұмыстың ерекшелігін ескерсек, бұл өте маңызды). Ерейментау
өрт сөндіру бөліміне (Ақмола облысындағы ең үлкен аудан) 6 бірлік жаңа техника
берілді. Оның ішінде өрт сөндіру көліктерімен қатар, адамдарды жылыту және
эвакуациялауға арналған жылжымалы пункттер, қар құрсауы мен су басу жағдайында
жұмыс істеуге арналған жол талғамайтын көліктер бар.



Бөлім басшылығымен және жеке құраммен
пікір алмастық, Жаңа Конституция туралы да сұрақтар қойылды. Әңгімелесушілердің
назарын құжат мәтінінде адам өмірі ең жоғары құндылық ретінде аталғанына аударып, адамдардың қауіпсіздігін
қамтамасыз етуге бағытталған барлық шаралар мемлекет тарапынан қолдау табатынын
атап өттім. Осы орайда ірі агломерациялардағы ТЖМ бөлімшелерін жарақтандыру,
мегаполистер мен оларға іргелес облыстардың өзара іс-қимылы мәселелерін
талқыладық.

Кешке Ерейментауда ауызашарға қатыстық. Жамағатты Рамазан айымен құттықтап, Оразаның қабыл болуын тіледім. Мұнда да көпшілік Жаңа Конституция тақырыбын көтерді. Ақсақалдардың өтінішімен сөз алып, Конституциялық комиссия жұмысына қатысуым туралы айтып бердім. Преамбуладағы Ұлы Даланың мыңжылдық тарихи тамырлары туралы жаңа тұжырымға түсініктеме жасап, 2016 жылы Білім министрлігі Қазақстанның тәуелсіздік тарихын 1991 жылдан бастап оқыту жөніндегі бастамасын еске салдым. Ол кезде Мәжілістегі фракциямыз ежелгі мемлекеттерге — Түркі қағанаттарына, Алтын Орда (оған көптеген елдер бағынған), Қазақ хандығына және Алаш Республикасына сүйене отырып, бұл ұсынысқа қарсы шыққан еді.
Сондай-ақ Жаңа Конституцияда орыс тілін қолдану мәселесіне қатысты «тең» дегеннің орнына «қатар» сөзінің қолданылуының позитивті маңызына тоқталдым. 15 наурыз күні осы тарихи құжатқа бейжай қарамауға шақырдым.
Түнде Астанаға оралдық.