27
Сәуір

Азат Перуашев ҚХР Елшілігінің өкілдерін қабылдап, партияаралық және іскерлік ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

https://t.me/peruash/15830

Бүгін «Ақ жол» фракциясының апта сайынғы отырысы алдында ҚХР Елшілігінің саяси кеңесшісі, Қазақстандағы бес жылдық дипломатиялық қызметін аяқтап  жатқан Ли Ин мырзаны қабылдадым.

Ли Ин мырза Елшіліктің жаңа кеңесші Тан Цзинцзе ханымды таныстырды.

Қытайлық әріптестерге нәтижелі ынтымақтастық пен Қазақстан–Қытай қатынастарын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіріп, Елшіліктің жаңа кеңесшісіне табысты жұмыс, ал Ли Ин мырзаға отанында жаңа жетістіктерге жете беруін тіледім.

Сондай-ақ «Ақ жол» демпартиясының Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Халықаралық бөлімімен және оның экономикалық ынтымақтастық бағытындағы құрылымдарымен бұрыннан қалыптасқан достық байланыстарына арнайы тоқталдым. Технологиялық сектор мен өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар тартуға қолдауға дайын екенімізді білдіріп, елімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында Қазақстанның ұлттық мүдделерін ілгерілету жолындағы өзара түсіністікті атап өттім. Қытайлық достарға ҚХР-дың жетекші университеттерінде докторантурада білім алуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айттым. Елшіліктің шақыруымен жас ғалымдар мен кәсіпкерлер қатарынан «Ақ жол» партиясының сегіз мүшесі өтініш тапсырған болатын. Осы ретте Дэн Сяопиннің жастарды әлемнің үздік оқу орындарында тәрбиелеп, кейін олардың өз еліне қызмет етуі қажеттігі туралы айтқан сөздерін еске алдым.

Қонақтардың өтініші бойынша жаңа Конституцияға қатысты өткен референдум мен соған байланысты Қазақстанның саяси жүйесінде орын алып жатқан өзгерістер туралы баяндап бердім.

Тан Цзинцзе ханым ҚХР Елшілігінің кеңесшісі түріндегі алғашқы қадамы ретінде «Ақ жол» демократиялық партиясының бизнес-делегациясын биылғы жылдың соңына дейін Қытайға іссапармен келуге шақыруды табыстап, бұл шақыруды ризашылықпен қабылдадық. Сонымен қатар ҚКП ОК Халықаралық бөлімінің әйелдер және жастар кәсіпкерлігі мен өңіраралық ынтымақтастық салаларындағы диалогты дамыту жөніндегі жуырдағы ұсынысын қолдайтынымды білдірдім.

Екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық аясында партияаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екендіктерімізді білдірдік.