Президент карантин кезінде шағын және орта бизнесті жабуды емес, реттеуді тапсырды, ал мемлекеттік органдар керісінше керітартпалыққа салынып, кәсіп жүргізуге тыйым салып отыр дейді Азат Перуашев.
«Төтенше жағдай режимімен салыстырғанда Президент карантин кезінде шағын және орта бизнесті жабуды емес, реттеуді тапсырды» - деген Азат Перуашев жергілікті мемлекеттік органдардың базар, кафе, шаштараздардың жұмысына тыйым салғанын сынға алды және олардың бұл әрекетін «саботаж» деп бағалады
«Ақ жол» Демократиялық партиясының аймақтардағы кәсіпкерлермен кеше өткен бейнеконференция кезінде партия төрағасы Азат Перуашев мейрамханаларды, базарларды, шаштараздарды және басқа да сауда, қызмет көрсету нысандарының жұмысына тыйым салған мемлекеттік органдардың әрекетін сынға алды.
«Денсаулық министрлігі коронавирустың қарқыны басылды деп хабарлауда, біз де ауру жұқтырғандар едәуір төмендегенін көріп отырмыз, ауруханалардың жұмысы жақсарды. Алайда, адам өлімі жалғасуда, қайтыс болғандар арасында біздің де туыстарымыз бен достарымыз бар. Жағдай қайтып оралуы мүмкін. Түнек ішінде алыстан сығырайып жарық көрінгенмен, әлі де қыл ұшында тұрмыз. Сондықтан да біз карантинді қолдаймыз.
Карантин – төтенше жағдай емес.
Карантин кезінде бизнеске тыйым салғаннан гөрі, оның жұмысын реттеуді күшейту керек. Кейбір әкімдіктер Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына керітартпа әрекеттер жасап, сауда нысандарын бақылау орнына олардың жұмысына тыйым салды. Мыңдаған кәсіпкерлер қалай күн көреді? Олар олигархтар емес, біздің жәй азаматтар ғана. Олардың көпшілігіне 42 500 теңге тимеді, жұмыс істеуге болмайды, олар өздерінің отбасын қалай асырайды, балаларын мектепке қалай әзірлейді? Олардың көпшілігі қиын күн күндерді бастан кешуде. Соңғы аптада кәсіпкерлер Ақтөбе, Тараз, Өскемен, Көкшетау,Талдықорған қаларында, Нұр-Сұлтанның өзінде митингіге шығуда.
Тыңдаңыздар оларды! Бизнестің жұмысына тыйым салғаннан гөрі, олардың жұмысын ретке келтіріңіздер. Оларға жұмыс жасауға рұқсат етіңіздер, иә, маска, қолғаптар киіп, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтай отырып, жұмыс істеуге рұқсат етіңіздер. Сауда орталықтарында, базарларда, салондарда, барлық жерде қашықтық белгілерін қойып және қашықтықты қатаң сақтау, үнемі дезинфекция жүргізіп тұруға міндеттеу арқылы жұмыс істеуге рұқсат етіңіздер.
Адамдарға жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер», - деді Азат Перуашев.
Бейнеконференция кезінде барлық облыстардан шағын және орта бизнестің жиырмадан астам өкілі сөз сөйледі, жүзден астам хабарлама келіп түсті, екі сағаттық бейнеконференеция қорытындысы бойынша «Ақ жол» Демократиялық партиясы Үкіметке Үндеу хат әзірлеуде.