23
Қантар

Азат Перуашев: Мәжілістің жұмыс тобы жер қойнауы туралы Кодекске қазақстандық қамтуды арттыруға бағытталған "Ақ жол" фракциясының түзетулерін мақұлдады

https://t.me/peruash/12615

Сондай-ақ бүгін жер қойнауы туралы Кодексі бойынша Мәжілістің жұмыс тобы (жетекшісі - Арман Қалықов) "Ақ жол" фракциясы депутаттарының ірі жер қойнауын пайдаланушыларды қазақстандық кәсіпкерлердің тауары мен қызметін сатып алу арқылы өз қызметтеріндегі қазақстандық қамту үлесін арттыруға міндеттейтін ұсыныстар пакетін (14 түзету) бір ауыздан қабылдады.

Бұл нормалар ірі жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық қамтуды арттыру бойынша жеке бағдарламалар қабылдауын, отандық өндіріске жер қойнауын пайдаланушыларға қажетті өнімді игеруге көмектесуді, қабылданған міндеттемелерді орындамағаны үшін бақылау және жауапкершілік шараларын қамтиды.

Сол арқылы, ірі өндіруші компаниялар (әдетте, шетелдік үлесі барлар) ұлттық табысты кәсіпорындардың өз ішінде және Қазақстан азаматтарының арасында қайта бөлуге тартылады. Бұл жер және жер қойнауы халыққа тиесілі деген Конституция нормасына сай келеді.

Ұлттық экономика мен қазақстандық бизнесті қолдауға бағытталған осынау маңызды бастамалардың қабылданғаны үшін жұмыс тобының барлық мүшелеріне алғыс білдіремін.

Оған қоса, әріптестер қолдау шараларына дауыс беріп ғана қоймай, аталмыш түзетулердің бірлескен авторлары атанды.