05
Шілде

Азат Перуашев Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Екібастұз ГРЭС-2 станциясы мен “Богатырь” көмір кешеніне барды

5 шілде 2025 жыл, “Ақ жол” демократиялық партиясының баспасөз бөлімі

Екібастұздық ГРЭС-2-дегі бірінші энергоблокты ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл энергоблок бүгін тоқтатылып, қазір суыту процесі жүріп жатыр. Осыдан кейін мердігерлік ұйымның 200-ден астам қызметкері жұмылдырылатын регламенттік жұмыстар басталады. Ережеге сәйкес, бұл жұмыстарға 90 күн бөлінген, алайда ГРЭС басшылығы жөндеуді екі жарым ай ішінде, яғни жылыту маусымы басталмай тұрып аяқтауды көздеп отыр.

Станция басшылығының хабарлауынша, үкімет қабылдаған шаралардың арқасында қаржылық мәселелер шешімін тапқан. Атап айтқанда, жақын арада үшінші энергоблоктың құрылысы басталады, одан кейінгі кезекте төртіншісі тұр. Өткен жылы үшінші энергоблокқа арналған жабдықтарды жеткізу бойынша ресейлік тараппен келісімшарт жасалған еді, алайда белгілі себептерге байланысты бұл келісім жақында қытайлық серіктестермен қайта жасалды. Үкімет қажетті қаражатты бөліп, алғашқы төлем жасалды.

Қуаттылықты арттыру экономиканы қосымша энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл қазіргі уақытта аса өзекті.

Компания басшылығы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының арқасында жұмысшылардың жалақысын едәуір көтеруге мүмкіндік туғанын айтты. 2024 жылға дейін орташа жалақы шамамен 500 000 теңге болса, қазір бұл көрсеткіш 750 000 теңгеге дейін өсті. Осыған байланысты жастарды жұмысқа тарту мәселесі шешімін табуда. Дегенмен техникалық мамандар мен инженерлердің тапшылығы әлі де сезіледі. Бұл жағдай саладағы ілгерілеуді тежеп отыр. Мәселені шешу үшін бірнеше жыл қажет болады.

Тарифтерді өсірудің теріс жағы да бар – өз генерациялық қуаты жоқ, энергияны көп тұтынатын кәсіпорындар үшін бұл тиімсіз болып тұр. Мысалы, жақында ғана табысты жұмыс істеп тұрған Теміртау электрметаллургия зауыты сияқты кәсіпорындардың тоқтап жатқаны туралы дабыл келіп жатыр.

Сондықтан энергетика мен өндірісті дамытудың теңгерімді жолын тауып, кешенді тұрғыдан түсіну қажет.

Кеншілердің өтініші бойынша әлемдегі ең ірі «Богатырь» көмір кенішінде болып, оның жұмысымен танысты.

Кеніш басшылығы мемлекеттік органдармен арадағы дауға байланысты «Ақ жол» демпартиясынан көмек сұраған. Бұған дейін Мәжілістегі фракциямыз АЗРК-ның жылу көміріне баға реттеуін енгізу туралы ұсыныстарын сынға алған болатын.

Бүгінде мемлекет әлеуметтік көмірдің бағасын реттейді, бірақ энергетикалық көмір осы уақытқа дейін нарықта болды.

Енді АЗРК энергия өндіруші компаниялар үшін көмірдің реттелетін бағасын енгізуді ұсынып отыр. Шын мәнінде, бұл экономиканың нарықтық қағидаттарынан бас тарту деген сөз, сондықтан «Ақ жол» фракциясы сол талқылауда бұл тәсілді сынға алды.

Тікелей разрездің өзінде басшылар мен мамандар техникалардың жұмысын көрсетіп, еліміздің экономикасына қажетті электр энергиясын өндіру үшін өндірісті кеңейту жоспары, жаңа инвестициялар тартып, заманауи жабдықтар сатып алу қажеттілігі туралы айтты.

Өнім бағасына реттеу енгізілсе, бұл автоматты түрде инвесторлар мен инвестицияларды үркітіп, көмір өндірісін күрт арттыру жоспарлары жүзеге аспай қалуы мүмкін.

АЗРК-ның бұл ұстанымы, әсіресе, еліміздің бүкіл энергетикалық жүйесін модернизациялау жөніндегі ауқымды жоспарлар мен генерациялаушы және желілік компаниялардың тарифтерін (яғни, табыстылығын) көтеру туралы қабылданған шешімдердің аясында, түсініспеушілік тудырып отыр.

Энергетика саласы энергия тасымалдаушыларға сүйенеді, ал Қазақстан үшін негізгі ресурс – көмір. Мемлекет электр энергиясын өндіруді арттыруды мақсат етіп отырса, бұл көмір өндіру көлемін ұлғайтпай шешілмейтін мәселе. Ал бұл үшін инвестиция керек. Бірақ табысы нарыққа емес, шенеуніктердің шешіміне тәуелді болатын салаға бірде-бір инвестор қаржы салмайды.

Сондықтан «Богатырь» кенішінің басшылығы саладағы нарықтық ұстанымдарды қорғауды сұрап, «Ақ жол» демократиялық партиясына жүгінді.

АЗРК ұсыныстарының қате екенін нақты дәлелдейтін есептеулер мен құжаттар пакеті ұсынылды. Бұл материалдар бұрын айтылған ұстанымды растап, пікірталастар барысында қосымша дәлел ретінде пайдаланылатын болады.