11
Қыркүйек

Азат Перуашев: «Ресей Кәсіпкеріне артықшылық беріп отыр» /Төлен Тілеубай/ - Жас казак (Алматы)

 
«Ақ жол» партиясы Ұлттық экономика министрлігінен Ресей шекарасын кесіп өтерде заңдық құқығы бұзылған қазақстандық кәсіпкерлерге араша түсуді талап етуде. 9 қыркүйектегі алқалы жиында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі Азат Перуашев құзырлы министрлік басшысы Ерболат Досаевтың атына депутаттық сауал жолдап, шекарадағы шатаққа қатысты істің ақ-қарасын анықтап, айтылған мәлімет расталған жағдайда отандық кәсіпкерлердің құқығын қорғауға үндеді.
Азат Перуашевтің депутаттық сауалында «Еуразия экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде, ортақ кеден аумағы жағдайында екі ел арасындағы Кедендік рәсім алынып тасталған. Соған қарамастан, «Ақжол» партиясына келіп түскен шағым мен БАҚ бетіндегі ақпаратта айтылғандай, Ресей жағы биыл 3 қыркүйектен бастап Самара және Саратов облыстарында еліміздің жүк тасымалдаушыларына қатысты көлік құралдарын кедендік бақылау рәсімін толық қалпына келтірген. Соның нәтижесінде қазақстандық тасымалдаушылардың көліктері зорлықпен арнайы уақытша қоймаға қойылған. Кейбір мәлімет бойынша, бір ғана Соль-Илецк қаласының терминалына 100-ден астам көлік қамалған. Бұл аз болғандай, тауарды жылжыту айтарлықтай баяулап, еліміздің кәсіпкерлеріне бюрократтық және әкімшілік қысым көбеюде.
Соның салдарынан біздің кәсіпкерлердің өндірістік емес, басқа шығындары артуда. Бұлардың бәрі ресейлік әріптестерімен арадағы бәсекелестікке кесірін тигізеді. «Ақ жол» фракциясы мұндай жағдайға жол берілмеуі тиістігін және оның Еуразия экономикалық одақ шеңберіндегі адал бәсекелестік ережесіне қайшы келетінін ескертеді», - делінген.
Мәжілістегі басқосудан кейін, біз мәселенің мәнісін Азат Тұрлыбекұлының өзінен сұраған едік.
Жас қазақ: Сонда Еуразия экономикалық одақ құру шарттың адал бәсекелестік туралы ережесін Ресей кеденшілері өзі бұзып отыр ма?
Азат Перуашев: Менің айтарым, шекарада ешқандай кедергі болмау керек. Біздің тауарымыз шекарадан еркін өтуі керек. Ол жерде тек шекара рәсімі атқарылуға тиіс. Бізге жеткен ақпаратқа сүйенсек, Ресей жағы 100-ден астам автокөлікті қамап тастаған. Оларды арнайы уақытша қоймаға кіргізу дегеніміз — кедендік бақылауды
қайтадан жүргізуді бастағанын білдіреді. Бұл - адал бәсекелестік ережесіне қарама-қайшы. Сондықтан біз фракция атынан Үкімет пен Ұлттық экономика министрлігіне депутаттық сауал жолдадық. Олар тездетіп істің ақ-қарасын анықтап, отандық кәсіпкерлердің құқығын қорғауға міндетті.
Жас қазақ: Соңғы кездері ресейліктердің біздің кәсіпкерлердің құқығын бұзу, тауарды шекарадан тәркілеу, контрабандалық тауар деп жою оқиғасы көбейіп барады. Бұл мәселеге Үкімет неге араласа алмай отыр?
Азат Перуашев: Бұл бөлек мәселе. Ресейліктер Батыс елдеріне қарсы әр түрлі іс-қимылды жүзеге асыруда. Қазір мұны «санкциялық соғыс» деп те атап жүрміз. Мүмкін, олар осындай себептен біздің тауардың жолын жауып жатқан шығар... Бірақ бұл дұрыс саясат емес. Біздің ел Батыс елдерінің немесе Шығыс елдерінің ешбірімен араздасып, қандай да бір «соғысқа» қатысқан жоқ. Яғни Ресейдің «санкциялық соғысының» бізге түк қатысы жоқ. Ал ресейліктер өз шекарасын контрабандалық тауардан қорғаймын десе, бұл істі басқаша тәсілмен жүргізуі керек. Олардың бүгінгі тірлігі біздің кәсіпкерлерге зиянын тигізуде. Керісінше, Ресейдің кәсіпкерлеріне артықшылық беріп отыр деп санаймын.
Дерекнама - Жас казак (Алматы), № 35 (555), 11.09.2015