07.10.2018.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазан жолдауына қатысты пікірімен бөлісті. Депутаттың айтуынша, Жолдауда айтылған ішкі нарықты отандық тауармен толықтыру тапсырмасы экономика мен халық үшін өте тиімді, деп хабарлайды «Baq.kz» тілшісі.
«Әлемдегі шиеленіс жағдайларында Елбасы экономикамыздың ең басты мақсаты, ең басты міндеті – қарапайым халықтың жағдайын жақсарту екенін айтты. Осылайша, төменгі жалақыны 1,5 есе көтеру, «Бизнестің жол картасын» тағы 5 жыл қосымша жалғастыру, ішкі нарығымызды өзіміз шығаратын отандық тауармен толықтыру деген бастамаларды көтерді. Бұл расында да біздің экономика мен халық үшін өте тиімді тапсырмалар. Бұл тапсырмалар еліміздің дамуына ерекше серпін береді деп сенемін», - деді Перуашев берген сұхбатында.
Мәжілісменнің айтуынша, Елбасы Жолдауда кәсіпкерлерді қолдау бойынша маңызды міндеттер қойды.
«Біріншіден, «Бизнестің жол картасын» әрі қарай жалғастыру міндеті қойылды. Себебі қазіргі кезде Үкімет жалпы бизнеске арналған қанша бағдарлама енгізсе де, олардың ішіндегі ең мықтысы, бизнеске ең тиімдісі болған осы – «Бизнестің жол картасы». Бірақ, бұл бағдарлама 2020 жылға дейін ғана жоспарланған болатын. Ал Елбасымыз оны әрі қарай тағы 5 жылға жалғастыру тапсырмасын берді. Бұл біздің кәсіпкерлер үшін өте қуанышты жаңалық. Себебі бұған дейін көптеген кәсіпкер бұл бағдарламаны кеңейту, оны әрі қарай жалғастыру жөнінде өтініштерді өзіме түсірген болатын», - деді Азат Перуашев.
Мәжіліс депутатының айтуынша, екінші мәселе - бұл өзіміздің тұтынушыларға арналған тауарларды шығару.
«Біз экспорттық стратегиямен айналысқаннан кейін шынын айтсақ, ішкі нарығымызды ұмытып кеттік. Елбасы өзі «егер қазір әрқайсымыздың үстіміздегі импорттық тауарларды шешсек, жалаңаш болып қаламыз» деп айтты ғой. Себебі, киімнен бастап, аяқ киім, костюмдеріміз болсын, жейтін тамағымызға дейін, 90 пайызы - импортталған тауарлар. Оларды шығару үшін аса бір ерекше технология, аса бір ірі инвестиция қажет емес. Олар - қатардағы тауарлар. Оны өзіміз де қамтуымыз керек. Сондықтан бұл бағытқа Үкіметтің, банктердің назары болса, қаражат бөлінсе, әрине біз өз тұтынушыларымызды, өз елімізді отандық тауармен қамтуға қабілеттіміз деген сенімдемін», - деп пікірін білдірді Азат Перуашев.
Дереккөз: https://baq.kz