10
Сәуір

Азат Перуашев: Таңғаларлық өміріміздің тағы бір қыры

Мәжілісте қылмыстық заңнама бойынша заң жобасын талқылау барысында депутат А. Жұбанов Қылмыстық кодексте "жалған кәсіпкерлік" бабын қалпына келтіруді ұсынды.

Еске сала кетейін, "Ақ жол " демпартиясы мен бүкіл бизнес қауымдастық шынайы алаяқтарды айналып өтіп, он мыңдаған адал кәсіпкерлерді жалмаған бұл аждаһамен он жылға жуық уақыт бойы күресіп келді. "Жалған кәсіпкерлік" желеуімен қозғалған істердің қылмыстық құрамының барлығы шын мәнінде ҚР ҚК өзге де салалық баптарымен қамтылады.

Бұл:

- 214 бап  «Заңсыз кәсіпкерлік»,

- 216 бап. «Жұмыстың атқарылуынсыз немесе тауарды жеткізусіз счет-фактураларды жазып беру»,

- 218 бап. «Қылмыстық жолмен табылған ақшаны жылыстату»,

- 244 және 245 бап. «Салық төлеуден жалтару»,

- 232 бап. «Жалған есептік құжаттарды әзірлеу» және т.б.

Бірақ «жалған кәсіпкерлік» аморфты тұжырымын қолдану бақылаушы органдарға дәлелдемелерді жинаумен, нақты бұзушылықтарды анықтаумен және олардың нақты бастамашыларын іздеумен айналыспауға мүмкіндік беретін.  Осы «шарттардың» барлығын сәтті айналып өтіп, ашық жұмыс істейтін кәсіпорындарға санкциялар салынса, алаяқтар өздерінің айла-шарғыларын жалғастыра беретін, кейбір мәліметтерге сәйкес, ол алаяқтар «қадағалаушылардың» өздерімен (ол кездегі қаржы полициясы қызметкерлері) тығыз байланысты болған.

2012 жылдан 2017 жылға дейін «Ақ жол» фракциясы үкімет пен Бас прокуратураға осы бассыздықты жоюды талап етіп, 20-ға жуық депутаттық сауал жолдады;  «Атамекен» ҰКП және барлық бизнес-қауымдастықтар да қатаң ұстанымда болды.

Сондықтан 2017 жылдың 4 шілдесінде Қылмыстық кодекстен «Жалған кәсіпкерлік» туралы 215-баб алынып тасталғанда, бұл жаңалық нағыз қуанышпен қарсы алынды.  Тіпті сол күнді Кәсіпкерлер күні деп белгілеу туралы ұсыныс та болды (оған қоса, ТМД-дағы «Жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау туралы» бірінші Заңға дәл сол күні, 4 шілдеде, бірақ 1992 жылы қол қойылған болатын).

Енді бәз біреулер сол қателікке қайтадан бой алдырғысы келеді.  Мен «біреу» деп жазып отырмын, өйткені бұл біздің құрметті әріптесіміздің отандық бизнеске деген жеке өзінің «достық ниеті» екеніне сенімді емеспін.  Бұл идеяның басқа да «мүдделері» болуы әбден мүмкін.

Бұл ұсынысты жұмыс тобында ашық талқылау барлығын нақтылауға мүмкіндік береді деп сенемін.

Әзірге ағымдағы жағдайды (яғни, Қылмыстық кодекстен 215-бап «Жалған кәсіпкерлік» алынып тасталғанын) сақтау туралы өз түзетуімді жолдадым.

Төменде өткен жылдардағы бұл норма бойынша текетірестің қандай болғанын айқындайтын бірнеше сілтеме:

https://kapital.kz/amp/gosudarstvo/26285/v-uk-rk-isklyuchena-stat-ya-lzhepredprinimatel-stvo.html

https://lsm.kz/na-otmene-stat-i-o-lzhepredprinimatel-stve-nastaivaet-frakciya-akzhol

https://akzhol.kz/kk/blog/migrated_4919