02.08.2018ж.
Ресейдің Кемерово қаласындағы қайғылы оқиға от пен судан қорғануды үнемі назарда ұстап отыру керектігін бәріміздің есімізге салды. Осыдан екі жыл бұрын Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының фракциясы Ішкі істер министрлігіне хат жазып, биік үйлердегі өрт қауіпсіздігін сақтау талаптарының орындалмай жатқанын жеткізген еді.
Министрлік бізге берген жауабында алаңдаушылығымыздың орынды екенін айта отырып, азаматтық қорғаныс органдарының толық тексеріске өкілеттігі жете бермейтіндігін пайдаланған кейбір кәсіпкерлер өрт қауіпсіздігін сақтамайтынын жазған. Сын-қатерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілгеннен бастап, өрт қауіпсіздігі мемлекет тарапынан бақыланатын нысандардың саны 140 мыңнан 29 мыңға дейін түсіріліпті. Соның ішінде халық көп жүріп-тұратын 110 мың ғимараттың өрт қауіпсіздігі мүлде тексерілмейтіндігі айтылған.
Біз Үкімет пен Алматы қаласы әкімінің жуырда барлық сауда орталықтары мен балалар мекемелерінің өрт қауіпсіздігін жоспардан тыс тексеру туралы берген тапсырмасына тәнтіміз. Бұл халық арасындағы қобалжуларды біршама азайтатыны анық.
Сонымен қатар бұл проблемаға үстірт қарамау керектігін еске саламыз. Қазір сауда орталықтары ғана емес, кез келген биік үйлер мен әкімшілік ғимараттардың жоғарғы қабатынан өрт сөндіру баспалдақтарымен түсе алмайсыз. Өйткені олардың бәріне құлып салынған немесе жолда түрлі заттар үйіліп қалған. Өрт сөндіру дабылдары мен түтін шығатын мұржалардың да толық жұмыс істейтініне күмәніміз бар. Сондықтан тексеріс жаппай жүргізілгені дұрыс.
Біздің фракция мәселенің мәнісін білмей, әлеуметтік желілерде сауда орталықтарын ғана кінәлап, оларға бойкот жариялауға шақырған үндеулерге қарсы. Өйткені бұлар ғана емес 140 мың ғимарат өрт қауіпсіздігі талабына толық жауап бере алмайды.
Сонымен бірге біз өрт қауіпсіздігін сақтау органдарының тексерістері кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп, қорқытып ақша алуға соқтырмаса екен деп алаңдаймыз. Сондықтан да қазір кейбір кәсіпкерлер ғимараттарындағы өрт қауіпсіздігі жүйесін өз еріктерімен тексеріп жатыр.
Мәселеге біржақты қарамай, толық талқылайтын болсақ, қауіп қазір өрттен ғана емес, тамақ өнімдерінен, балалар ойыншықтарынан, түрлі ескі техникалар мен лифт шаруашылығы қызметтерінің сапасыздығынан, тіпті стоматологиялық кабинеттердің жауапсыздығынан да болып жатыр. Осы жылдың басында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметке тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі талаптарын күшейтуге бағытталған заң жобасын әзірлеуді ұсынған. Біз жуырда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, осы заң жобасын тезірек әзірлеуге шақырдық. Сонымен бірге оны әзірлеуге өзіміздің белсене қатысуға дайын екенімізді жеткіздік. Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты
Источник: «Егемен Қазақстан» газеті