Дүйсенбі күні «Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалының басшысы (Мұханбеталы Шалқарбеков) және облыстық. аудандық мәслихаттардың депутаттарымен бірге Жамбыл облысындағы бірқатар ұжымдарды араладық. Күнді Меркі-Родон шипажайында (Меркі ауданы), мұнан соң «Супер-Фарм» ЖШС-де (Жамбыл ауданы Айша-бибі ауылы) кездесуден бастадық. Одан кейін бізді Тараз политехникалық колледжінің оқытушылары мен Тараз металлургия зауытының инженерлік-техникалық қызметкерлері қабылдады. Күн соңында «Өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығының» педагогтарымен және тәрбиеленушілерімен әңгімелестік.
Біз конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы сөз қозғап, сұхбаттасушылардың пікірлерін тыңдадық.
Көтерілген мәселелердің ішінде - билікке деген сенімнің жоғалуы да бар. Әр сайлау сайын ақылды адамдар келіп, әдемі сөз сөйлесе, ал, өмір өзгермей, алдау мен әділетсіздік азаймай тұрса, аталған реформалар өмірге қаншалықты әсер етеді? Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік органдар бұдан ары да көзбояушылықпен айналыса бере ме, әлде өзгерістер басталды ма, бұны референдум нәтижесі көрсетеді. Егер, мысал үшін, дауыс беру қорытындысы бойынша тағы да 80% адам қатысқаны, 92% қолдағаны туралы мәлімдейтін болса, онда жауап белгілі.
Сондықтан, референдум барысында мемлекеттің шынайылығы, жаңа Қазақстан туралы мәлімдемелердің растығы тексерілетін болады.
Сол себепті, біздің үгіт-насихат жұмысымыздың міндеті - азаматтарды кез-келген жолмен учаскелерге «апару» емес, сол жерге өз пікірі бар, ел тағдырына алаңдайтын адамдардың баруы.
Жалпы, референдумнан бастап қоғам мен мемлекеттің міндеті - адал қарым-қатынас құру. Өзіңізге және басқаларға өтірік айтуды тоқтатыңыз. Мен адал Қазақстан деген сөзді Президенттің Конституция реформасын таныстыра отырып айтқан Жаңа және Әділ терминдеріне қосар едім.
Тағы бір проблема - биліктің өкілді тармағының (Парламент және мәслихаттар депутаттарының) үкіметпен және әкімдіктермен қарым-қатынас жасаудағы кемшілігі. Неліктен үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия құрмайды? Неліктен бір партия дағдарыстарға, девальвацияға және сыбайлас жемқорлыққа қарамастан елді 30 жыл бойы басқарып келеді?
Конституцияның бұл реформасы алғашқы қадам ғана деген пікірімді айттым. Егер халық президентті қолдаса, онда оның билік партиясынан шығуынан бөлек, парламенттік институттарды күшейтетін және әртүрлі көзқарастарға мүмкіндік беретін терең өзгерістер қажет. Әділдік тұрғысынан сот жүйесінің ашықтығы, Конституциялық соттың құрылуы, соттардың адалдығы мен әділдігі ерекше мәнге ие.
Жалпы, өзгерістер заңдардың ғана өзгеруімен шектелмеуі керек. Шенеуніктердің күнделікті мінез-құлқынан, қалыптасқан «шонжарлық» әдеттерінен, дөрекілік пен бопсалаудан бас тартуы да маңызды.
Кездесу барысында Жамбылдықтардың көтеріп отырған мәселелерінің ішінде ауыл шаруашылығы үшін суармалы судың тапшылығын, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарудың ұзаққа созылуын, а/ш-ға инвестиция салмай, жұмыс істемей, жалға беру арқылы ғана табыс тауып отырған жер иелерінің пайда болуын; әйелдер, педагогтар мен металлургтер үшін зейнеткерлік жас мәселесін; армиядағы әлімжеттік пен заңсыздықты; балабақшалардағы тамақтануға субсидия бөлуді; партиялық тізімдегі зейнеткерлер мен ауған соғысы ардагерлеріне арналған сайлау квоталары; талапкерлерді зауыттың өзі жіберетініне және оларды бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыруға дайын екеніне қарамастан, ҚР Білім және ғылым министрлігінің металлургиялық және инженерлік мамандықтар бойынша грантқа түсу үшін ағылшын тілінен тест тапсыру туралы түсініксіз талабы және т.б. ерекше атап өтуге болады. Осындай нақты проблемалар бойынша мәжілістегі біздің фракцияға жазбаша өтініш дайындауды сұрадым.
Шымкентке барар жолда белгілі ресейлік «Коммерсантъ» газетіне телефон арқылы «Ақ жол» партиясы фракциясының Қазақстан Республикасында тіркелген, қазақстандық нөмірлерді алатын және үшінші елдерге кіруге берілетін рұқсаттардың басым бөлігін алатын ірі ресейлік және белорустық компаниялардан Қазақстанның Халықаралық автотасымалдаушыларын қорғау жөніндегі ұстанымын түсіндірдім.
Жолда байланыс тұрақсыз болды және ақыр аяғында мүлдем үзіліп кетті. Алайда, ресейлік журналистер осы тақырып бойынша айтқанымды толық естіді деп үміттенемін.
Кешкісін Шымкентте бір топ кәсіпкерлермен кездестім. Шымкенттегі кәсіпкерлер өткен сәрсенбіде Салық кодексіне түзетулерді талқылау кезіндегі менің сөзімді қатты қолдайтындарын жеткізді. Олар «Ақ жол» партиясы белгілеген ШОК салық салу тәсілдеріне қолдау көрсету үшін қол жинағылары келеді.
Сондай-ақ, «сыра патшасы» Тохтар Төлешевтің тәркіленген мүлкін басқарған лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлығы туралы мәселе көтерілді. Өтініш білдіргендердің айтуынша, одан алынған мүлік жыл сайын 5 млрд теңгеден астам табыс әкелді, бірақ бұл қаражат пен активтер мемлекетке ешқандай пайда әкелмей, із-түзсіз жоғалып кеткен.
Кәсіпкерлер тәркіленген миллиардтардың қайда жоғалып кеткенін білуді сұрайды, теориялық тұрғыда олар мемлекетке жұмыс істеп, табыс әкелуі керек еді. Егер мемлекеттік органдардың уақыты болмаса, тәркіленген активтерді басқарып, кіріс деңгейі мен жұмыс орындарын сақтап, бюджетке табыс әкелетін басқа кәсіпкерлерге сатуы керек еді. Сұхбаттасушылардың пікірінше, оның орнына тәркіленген бизнес жай ғана жоғалып кеткен.
Осы тақырып бойынша толығырақ ақпарат дайындауды сұрадым.
Түнде Нұр-Сұлтанға ұшып кеттім.