02
Наурыз

Азат Перуашев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды

https://t.me/peruash/10951

Кеше «Ақ жол» демпартиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Серік Мерғалиевпен бірге Орал қаласында жұмыс істедік.

Еліміздегі ең ірі жылыжай кешені World Green Company жұмысымен таныстық. Кәсіпорын ең заманауи голландиялық жабдықтармен және агротехнологиямен жабдықталған. Қияр мен қызанақ секілді өнімнің 80 пайызы Ресейге экспортталады. Ішкі нарықта "Магнум" желісі арқылы бүкіл Қазақстанға таратылады, соның ішінде, Астана, Алматы, тіпті, Шымкент қалаларына да. "Тіпті" деп жазып отырған себебім, Шымкент онсыз да көкөніс пен жемістерді (жылыжай шаруашылықтарын қоса алғанда) өндірудің орталығы әрі оларды көрші елдерге импорттау хабы ретінде танымал. Алайда, Оралдың қызанақтары мен қиярлары онда да бәсекеге қабілетті болып шықты).


Дегенмен, бастапқы кезеңде кәсіпорынға көптеген кедергілерден өтуге тура келді. Компания директоры Мұрат Ибрагимовтың айтуынша, жылыжай кешені пандемия өршіп тұрған кезде салына бастаған. Құрылыс аяқталғаннан кейін тағы екі жыл компанияға электр энергиясының қосып беруден бас тартқан. Талай тегеуріндерден кейін техшарттарға қол жеткізіліп, бірден нәтижесі көзге көріне бастады. Егер 2021 ж. желтоқсан айында елу тонны көкөніс өндірілсе, 2022 ж. - бұл көрсеткіш 650 тн. жетті.

Алайда жоғары өндіріске қарамастан проблемалар азаяр емес. Биыл компанияға жылыжайды жылыту жүйесі негізделген газ берудің күрт қысқарғаны туралы хабарланды.  Көкөністердің ПТР-сынамасын алуда түйткілдер бар. Оралда тиісті зертхананың жоқтығынан әрбір жүк көлігі үшін сынамаларды Астанаға сараптамаға жіберуге тура келеді, бұл экспортқа айтарлықтай кедергі келтіреді.  Компания тұрғылықты  жерде зертхана ұйымдастыруды ұсынды, бірақ шенеуніктер бұл функцияларды тек мемлекеттік органдар атқаруы керек деп отыр екен.  Адамдардың ПТР сынағын жеке зертханалар кеңінен және сәтті жүргізеді ғой. Көкөніс адамдардан артық секілді.

Кешеннің осы және басқа да мәселе бойынша партия филиалынан құжаттарды дайындауды сұрадым, көмек көрсетуге тырысамыз.  Мұндай кәсіпорындардың жұмысына кедергі келтірмей, оларды қорғап, қолдау керек.

«Ақ жол» демпартиясы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының кеңсесінде кәсіпкерлермен және жергілікті мәслихаттардағы партия депутаттарымен кездесу өткізіп, әр қызметкерге жұмыс берушінің әлеуметтік аударымдарының жыл сайын ұлғаюы, бұл қаражаттың МӘМС пен БЖЗҚ-да пайдалануының бұлыңғырлығы, қызметкерлерді міндетті сақтандыру, бөлшек сауда салығын төмендету (Батыс Қазақстан облысы облыстық мәслихатындағы «Ақ жол» демпартиясы депутаттарының өтініші бойынша Орал қаласында бөлшек сауда салығы ақыры 2%-ға дейін төмендетілді, енді осындай шешімдерді барлық облыстық мәслихаттарда алға жылжыту керек) секілді бірқатар өзекті мәселелерді талқыладық.


Әріптестер жеңіл өнеркәсіп проблемаларын көтеріп, оны салық, инвестициялық, тарифтік, несиелік саясатта қолдау қажеттігін айтты.  Бұл мәселеде ҚҚС пен КТС сараланған салалық мөлшерлемелерін енгізу (Еуроодақ пен ОЭСР үлгісі бойынша) үлкен рөл атқаруы мүмкін, Президент Қ.Тоқаев оларды енгізу бойынша тапсырма бергенмен, былтырғы жылдың жазы мен күзінде жаңа Салық кодексі тұжырымдамасын талқылау кезінде сол кездегі экономика министрі салықты саралаудан бас тарту туралы айтқан болатын. «Ақ жол» демпартиясы мұнымен келісе алмайды, біз жоспарланған салық реформасы аясында батыл шешімдер қабылдауды талап етеміз.

Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары Ресейге қарсы санкцияларға байланысты өз өнімдерін Еуропаға экспорттауда қиындықтар туындағанын хабарлады.  Мұндай өнімдердің Қазақстанда шыққанын дәлелдеу өте қиынға соғуда (себебі, жиһаз Ресей ағаштарынан да өндіріледі), еуропалық кеден СТ-KZ сертификаттарын мойындамайды және қазақстандық құрамды растауды талап етеді.  Атап айтқанда, Литва мен Латвияға экспорт туралы сөз болды.  Материалдарды дайындауды сұрадым, біз осы елдердің Астанадағы елшіліктері, сондай-ақ олардың Қазақстанда жұмыс істейтін кәсіпкерлері арқылы өзара іс-қимылды ұйымдастыруға тырысамыз.

Сондай-ақ, облыстық мәслихаттағы депутаттарымыз «Ашық аспан» режимін Орал әуежайына да қолдануды, ішкі рейстермен қатар, шетелдік рейстердің жеткіліксіздігі туралы мәселелер көтерді.  Бұл мәселені Азаматтық авиация комитетімен талқылау қажет болады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер Қарашығанақ В.V. қызметіндегі жергілікті қамту, ӨБК шарттарын жариялау және оның қызметіндегі қазақстандық үлес мәселелерін көтерді.  Осы тақырып бойынша Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталдым.

Құрылыс компаниялары «Жайлы мектептер» жобасының жүзеге асырылуын бақылауға алуды ұсынды.  Олардың кейбіреулері келісім-шарттар жасасқанына қуанышты және жұмысты лайықты деңгейде орындауға тырысады.

Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП белсенді ұстанымын атап өттім, біз олармен және салалық кәсіподақтармен тікелей байланыста боламыз.

Кешке «ТДК-42» телеарнасының тікелей эфиріне қатысып, журналистердің сауалдарына жауап бердім.