06
Тамыз

Азат Перуашев: Жұртқа жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек! - "abai.kz"

https://abai.kz/post/118260

«Төтенше жағдай режимімен салыстырғанда Президент карантин кезінде шағын және орта бизнесті жабуды емес, реттеуді тапсырды» - деген Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жергілікті мемлекеттік органдардың базар, кафе, шаштараздардың жұмысына тыйым салғанын сынға алды және олардың бұл әрекетін «саботаж» деп бағалады. 

«Ақ жол» Демократиялық партиясының кеше аймақтардағы кәсіпкерлермен өткізген бейне конференциясы кезінде партия төрағасы Азат Перуашев мейрамханаларды, базарларды,  шаштараздарды және басқа да сауда, қызмет көрсету нысандарының жұмысына тыйым салған мемлекеттік органдардың әрекетін сынға алды.

Карантин – төтенше жағдай емес 

«Денсаулық министрлігі коронавирустың қарқыны басылды деп хабарлауда. Біз де ауру жұқтырғандар едәуір төмендегенін көріп отырмыз. Ауруханалардың жұмысы жақсарды. Алайда, адам өлімі жалғасуда, қайтыс болғандар арасында біздің де туыстарымыз бен достарымыз бар. Күрделі жағдай қайта оралуы мүмкін. Түнек ішінде алыстан сығырайып жарық көрінгенімен, әлі де қыл ұшында тұрмыз. Сондықтан да біз карантинді қолдаймыз.

Карантин – төтенше жағдай емес. Карантин кезінде бизнеске тыйым салғаннан гөрі, оның жұмысын реттеу керек. Кейбір әкімдіктер Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына керітартпа әрекеттер жасап, сауда нысандарын бақылау орнына олардың жұмысына тыйым салды. Мыңдаған кәсіпкерлер қалай күн көреді? Олар олигархтар емес, біздің қарапайым азаматтар ғана. Олардың көпшілігіне 42 500 теңге тимеді, жұмыс істеуге болмайды, олар өздерінің отбасын қалай асырайды, балаларын мектепке қалай әзірлейді? Олардың көпшілігі қиын күн күндерді бастан кешуде. Соңғы аптада кәсіпкерлер  Ақтөбе, Тараз, Өскемен, Көкшетау,Талдықорған қаларында, Нұр-Сұлтанның өзінде митингіге шығуда.

Оларды тыңдаңыздар! Бизнестің жұмысына тыйым салғаннан гөрі, олардың жұмысын ретке келтіріңіздер. Оларға жұмыс жасауға рұқсат етіңіздер. Иә, маска, қолғап киіп, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтай отырып, жұмыс істеуге рұқсат етіңіздер. Сауда орталықтарында, базарларда, салондарда, барлық жерде қашықтық белгілерін қойып және қашықтықты қатаң сақтау, үнемі дезинфекция жүргізіп тұруға міндеттеу арқылы жұмыс істеуге рұқсат етіңіздер.  Адамдарға жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер», - деді Азат Перуашев.

Бейнеконференция кезінде барлық облыстардан шағын және орта бизнестің жиырмадан астам өкілі сөз сөйледі, жүзден астам хабарлама келіп түсті, екі сағаттық бейнеконференеция қорытындысы бойынша «Ақ жол» Демократиялық партиясы Үкіметке Үндеу хат әзірлеп жіберетін болды.

Abai.kz