Құрметті әріптестер!
Бүгінгі үкімет сағатының тақырыбы «Жаңа өндірістік саясат» деп белгіленді. Алайда, шынын айтқанда, жаңадан ештеңе таныстырылмады.
1) Көптеген тұстар бойынша бұл 2088-2009 жылдары басталған ИИДМБ, яғни, индустриялы-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын қайталау.
Үкімет пен сіздің министрлік сол бағдарлама нәтижесі бойынша есеп бергені дұрыс болар еді:
не істелді, не істелмеді. Қорытынды шығарып, қатені жөндеуге жұмыс істеу. Сәтті шешім болса - дамыту. Мұның ешқайсысы жоқ.
Осы орайда, сол кезде де зауыттар көптеп ашылып, салтанатты түрде ленталар қиылған еді. Біраз уақыт өткен соң жаңа зауыттар ізім-ғайып жоқ болып, қоғам да, бизнес те олардың тағдырынан бейхабар қалған еді.
2) Сіз жаңа ғана тұрмыстық техника өндірісін дамыту, Кореяның "SAMSUNG" компаниясымен осындай өндірісті Қазақстанда ашу туралы келісімдеріңіз туралы айттыңыз.
Бұл дұрыс әрі қажет бағыт, тіпті тұтынушылық несиелерді алып қарасақ та, оның қомақты бөлігі тұрғындардың тұрмыстық техника сатып алуына жұмсалатыны анық.
Бірақ, мен бір мысал келтірейін: Алматыда теледидар, тоңазытқыш, т.б. шығаратын "LG-Kazakhstan" компаниясының осындай өндірісі ашылған еді.
Бірақ кейін кәсіпорын өндірудің орнына шетелдік құрал-жабдықтарды импорттауға көшті.
Неліктен бұлай болды?
Бұған кім кінәлі?
Алаяқ іске жол берген менеджерлер ме; өз міндеттемелерін орындамаған инвесторлар ма; әлде мемлекет ретіндегі біздер ме?
Осы мәселені зерттемейінше, SAMSUNG және басқа да көптеген жобалардың тағдыры дәл осылай болмайтынына кепілдік жоқ.
3) Әріптестер машина жасау мәселесін көтеріп отыр – ірі мұнай-газ алпауыттарының сатып алуларында жабдықтар, құрал-саймандар, техникалар импортының үлесі 99-100 пайызды құрайтынын атап өткен депутат А.Жұбановтың сынына толық қосыламын. Әңгіме ең алдымен Қашаған, Қарашығанақ, ТШО секілді алпауыттар жөнінде. Олар Өнімді бөлісу келісімдерімен (ӨБК) қорғалған, ол келісімдер әлі де құпия болып қалып жатыр, сол өндірісті бөлісу келісім шарттарын жариялауға еш қол жеткізе алмай келеміз.
Осыдан төрт жыл бұрын машина жасаушылар одағының қысымымен бұл алпауыттар мұнай-газ машина жасаудың халықаралық орталығын құрды.
Бірақ содан бері бұл орталық қазақстандық зауыттарға бірде-бір жаңа технологияны, осы мұнай алпауыттары өз жұмыстарында қолданатын құрал-жабдықтарды өндіруге арналған бірде-бір техникалық құжаттаманы бермеген. Біздің кәсіпорындар мұндай жабдықты толық меңгеруге әлі дайын болмаса да, ауыстырылатын түйіндер мен бөлшектерді өндіруден, дайын жинақтарды құрастырудан (автомобильдер құрастырылатыны сияқты) бастауға болады ғой. Машина жасау орталығының бұл мәселеде мүлде септігі жоқ, ал бизнес өздігінен шешім іздеуге мәжбүр.
«Ақ жол» фракциясы бұл мәселені Қазақстанның ұлттық мүддесі үшін маңызды мәселенің бірі деп санайды. Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, мәселен, NCOC компаниясы бойынша, біздің ел өз мұнайын өндіруден түскен табыстың 2 пайызын ғана алады екен. Бұған жол беруге болмайды.
Жақында БАҚ Қазақстанның Қашағандағы жоғалтқан пайдасы үшін 138 миллиард долларға шағым түсіргенін хабарлады. Бұл біздің ондағы үлесіміздің әлі де елеусіз екеніне қарамастан. Бұл көрсеткіштің өзі осы ӨБК-де ұлттық экономика үшін қандай шығын кетіп жатқандығынан хабардар етеді. Біз ӨБК шарттарын жария етуді және қайта қарауды талап ете береміз.
4) Қазір депутаттар жалған ақпарат үшін мемлекеттік органдарды орынды сынға алып жатыр. Бір мысал келтірейін: бірқатар ЖЭО-да болған апаттардан кейін «Ақ жол» демпартиясы энергетикалық машина жасауды дамуы туралы сауал жолдаған болатын. Сол кездегі үкімет Қазақстанда генераторлардың, турбиналардың, қозғалтқыштардың және т.б. өнеркәсіптік өндіріс жолға қойылған деп беті бүлк етпестен жауап берді. Бірақ бұл жалған. Ол жөнінде де депутаттық сауал жолдадық. Жаңа индустриялық саясат ең болмағанда шынайы болуы керек.
5) Ақпараттың жетіспеушілігі экономикаға кері әсер етіп жатыр. Мысалы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының офтейк келісімшарттары пулында бұл маңызды қолдау шарасы тек жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары үшін ғана деп көрсетілген.
Бірақ бұл жерде энергетикалық құрал-жабдықтар сияқты аса керек, бірақ өндірілмейтін, жетіспейтін, бос секторларды толтыру міндеті тұр.
Біздің ойымызша, мемлекеттік индустриялық саясаттың рөлі де сонда болуы керек:
Жұмыс істеп тұрған бизнесті ғана қолдамай, сонымен қатар жаңа бағыттарды ұсыну, технологияларды анықтау және бөлісу, жаңа өзекті өнімдердің пайда болуын ынталандыру.
6) Ол үшін біртұтас мемлекеттік саясат, индустриялық идеология қажет.
«Индустриялық саясат туралы» заңды талқылау барысында депутаттар барлық даму институттарын бір құрылымға біріктіруді ұсынған. Бірақ, шын мәнінде, қазір бизнесті қолдайтын институттар шоғыры көп - "КазахЭкспорт", "КазИнвест", ӨДҚ, "Даму", ҚДБ, "Qazaqstan Investment Corporation" қорларының қоры, «Бәйтерек» холдингінің өзі және т.б.
Алайда мұндай мекемелердің көптігінің әсері өте күмәнді. Еске сала кетейін, Санкт-Петербургте өткен Экономикалық форумда бір ресейлік кәсіпкер ондағы ұқсас құрылымдар туралы: «Сіздер бізді менсінбейсіздер, ал біз сіздерді жек көреміз» деп айтқан болатын.
7) Нақты мысал - «инвестициялық қордың» (ҚИҚ) нәтижелерін айтуға болады. Бұл қорға абайсызда жүгінген көптеген кәсіпкерлер – мәселен, 2009-2010 жылдардағы дағдарыстың салдарынан, үкіметтің қалпына келтіру туралы шешімінен кейін – қатты опық жеді.
ҚИҚ қалпына келтіру бағдарламасының қаражатын өзінің «бір күндік» компаниялары арқылы аударып, ақырында Семей былғары-тері комбинаты, Шымкенттегі «Меланж» компаниялар тобы (тоқыма) және т.б. секілді бизнестерді толық күйретіп бітірді. Әлі қаптамасы да ашылмаған жаңа құрал-жабдықтар металл сынықтары ретінде сатылып, ғимараттар мен жер телімдерін тәркілеп алды.
Қолданыстағы өндіріс орындарына қамқорлық жасамасақ, жаңа зауыттар ашып, инвесторларды шақырудың не керегі бар?
Енді сол кәсіпкерлер өз кәсіпорындарын қалпына келтіруге дайын екендіктерін айтып, президентке жүгінуде. Индустрия министрлігінің ұстанымы мен қолдауы қайда?
8) Жалпы, индустриялық саясат тек белгілі зауыттарды «қолмен басқарудан» тұрмайтынын атап өткім келеді. Мәселе барлық қатысушылар үшін қалыпты жұмыс климатын құру туралы.
Сондықтан жаңа жабдықтарға, технологияларға, құрылымдарға пайданы қайта инвестициялауды ҰТС-тан босату сияқты инвестициялық шарттарды талқылау қажет. Бүгінде мұндай норма 20 миллион доллардан асатын ірі жобалар үшін ғана қарастырылған.
Бірақ ірі бизнес – бірінші кезекте өндіру саласы. Өңдеу өнеркәсібінде орта кәсіпорындар жетекші рөл атқаруы керек.
Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев та айтты, бұл туралы «Ақ жол» демпартиясы да айтып жүр, бірақ, баяғы жартас сол жартас.
Дұрыс салық саясатына ақыры көшуіміз керек – мысалы, ҚҚС бойынша сараланған, салалық мөлшерлемелерді енгізу. Бұл да орындалмай жатыр, ӨҚМ үнсіз.
Өңделген өнімді экспорттау үшін ҚҚС қайтаруды жеңілдету қажет - бірақ қайтару тәртібі шикізат алпауыттары үшін жасалған және өте жемқорланған. Осыған байланысты жапондық "Маревен" компаниясы сияқты кейбір инвесторлар экспорттық өндірісті көрші елдерге көшіріп жатыр.
Депутат Б.Базарбек жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды санитарлық аймақтарды бұзу арқылы әкімдіктер мен құрылыс салушылар ығыстырып жатқанын атап өтті. Оның ең танымал мысалы Оралдағы «Кублей» зауыты. Алматы облысындағы "Дольче Фарм" және "KZ Recicling" зауыттары, Алматыдағы Нұртау Темір зауыты мен СТС және т.б. да дәл осындай жағдайда. Бұл 5-7 кәсіпорын емес, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған ондаған кәсіпорын. Олардың барлығы жабылудың, жұмыссыздықтың аз-ақ алдында тұр. «Ақ жол» фракциясы оларды қорғау туралы барлық органдарға бірқатар сауалдар жолдады. Бірақ саланы басқаратындай көрінетін Индустрия министрлігі неге бірде бір рет оларды қорғап шықпады?
Жаңа ғана әріптесіміз Қ.Иса тариф саясаты жөнінде айтты – бұл өнеркәсіптік өндірістің негізгі бөлігі ғой. Энергетика, ҚТЖ тарифтерді қайта-қайта көтереді. Бұл отандық өнімнің құнын жояды. Осы тенденциялармен дауласыңыздар.
Дауласуға күштеріңіз жетпесе, айтыңыздар, біз бұл мәселелерді парламент мінберінен көтереміз.
Депутат Ж.Сүлейменова аса өзекті кадр мәселесіне тоқталды. Қауіпті және зиянды кәсіптер тізімі қайтарылғаннан кейін биылдың өзінде тау-кен, металлургия, химия және басқа да салалардағы мыңдаған мамандар ерте зейнеткерлікке шығады. Биыл да, одан кейін де оларды кіммен алмастырамыз? Неліктен «Жаңа индустриялық саясат» таныстырылымында бұл туралы бір ауыз сөз жоқ?
Қанат Бисембайұлы, сіз Қостанай (Allur) және Алматы (Hyunday) қалаларында шағын индустриялық аймақтарды құрудың жақсы мысалдарын келтірдіңіз. Мұнда шағын және орта бизнес үшін инфрақұрылым да, ғимараттар да дайын – тек кіріп, құрал-жабдықтарыңызды орнатып, жұмыс жасау керек.
Бірақ неге мұны бизнес жасайды?
Мемлекеттік тәсіл қайда? Неліктен мемлекеттік индустриалды аймақтарда жай ғана жер телімі бар, аймақтың шекарасы бойымен коммуникациялар тартылады, ары қарай өздері салып, өз бетіңізше әрекет етулері керек пе?
Жеке компаниялардан үйреніңіздер, не оларға осы бағытты толығымен бере салыңыздар, сонда бүкіл ел бойынша осындай дайын өндіріс орындарын жасап шықсын. Кіру де, жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл болады.
Депутат С.Пономаревтің «Жайлы мектептер» құрылысы туралы сұрағына жауап бере отырып, сіз керамикалық плитка өндірісіне тоқталдыңыз. Бірақ мектептер тек плитка мен кірпіштен салына ма? Инновациялық өнімдерді өндіру қайда, мысалы, интерактивті тақталар, мультимедиялық құрылғылар, көрнекі құралдар, оқу зертханалары және басқа да жабдықтар? Неліктен өз кәсіпкерлерімізді осындай өндіріске бағыттап, оларға патенттер мен құжаттамаларды бермеске?
Өйткені, экономикалық даму тек ЖІӨ көлемімен ғана емес, күрделілік критерийлерімен де анықталады. Технологиясы дамыған, күрделі өндіріске көшейік.
Құрметті әріптестер, өндіріс министрлігінің орынды сынға қалғанына қарамастан, бүгін жарияланған тәсілдер негізінен қолдауға лайық, бірақ егжей-тегжейлі, жан-жақты көзқарасты қажет етеді деп есептеймін.
ӨҚМ тек өз басымдықтарымен жұмыс істеп қана қоймай, ИИДМБ-дан бастап бұрынғы ұқсас бағдарламалардан сабақ алуы керек.
Өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруда бизнес тап болған түйткілді мәселелерді зерттеп, оларды шешуге тырысу;
мүмкіндігінше бұрынғы шенеуніктер мен жемқорлар банкротқа ұшыратқан өндірістерді оңалту. Нарықтық экономикада банкроттық – кәсіпорынның жойылуы емес, оның тазарып, қайта іске қосылуы. Иелерді өзгертуге болады, бірақ бизнесті экономикалық, өндірістік нысан ретінде сақтау керек.
Таңдаулы компанияларды «қолмен басқарудан» бас тартып, технологияға, инвестицияға және салықтарға көмектесуді қоса алғанда, тең қолайлы орта құруға тырысу керек. Осындай мәселелер талқыланған кезде үкіметтегі әріптестер алдында салалық мүдделерді қорғаңыздар. Біз мұндай талқылауға көмектесеміз.
Қазіргілербі түртіп қана қоймай, ең алдымен дамудың жаңа бағытын белгілеп, бизнесті жаңа өнім мен жаңа шешімге итермелеңіздер, тиісті ынталандыру шарасын жасаңыздар.
Біз соны күтеміз, соны министрлігіңізден талап етеміз.
Назарларыңызға рахмет!