Құрметті әріптестер!
Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жыл бойынша есептерін қарастыра отырып, «Ақ жол» фракциясы бірқатар мәселелер бойынша Жоғары аудиторлық палатаның сын-пікірлері мен қорытындыларын қолдауға мәжбүр.
Біріншіден, есептің таныстырылымы барысында Үкіметтің өз мәлімдемелерінен
елеулі ауытқуларға жол берілгені анықталды.
Атап айтқанда, 2024–2026 жылдарға арналған бюджет жобасын бекіту кезінде
Үкімет 2025 жылдан бастап Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттерден
толықтай бас тарту жоспарын жариялаған болатын.
Кейін бұл шешім қайта қаралғанымен, Ұлттық қор шығыстары кем дегенде
қысқарады деген үміт болған еді.
Алайда іс жүзінде 2025 жылы Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемі жоғары
деңгейде сақталып отыр (5,3 трлн теңге).
Оған қоса, 2025 жылы Ұлттық қордан бөлінген, бірақ пайдаланылмаған нысаналы
трансферттерді қорға қайтару қаражаттың болмауына байланысты жүзеге
асырылмаған.
Оның орнына, 2024–2025 жылдары көшелер мен саябақтарды абаттандыру, ауылдық
клубтар салу және т.б. сияқты 200-ден астам жоба қаржыландырылды.
Ұлттық қор қаражатына деген мұндай көзқарасты тиімді пайдалану деп атау
қиын.
Соған қарамастан, салық түсімдері жоспарының 1,1 трлн теңгеге орындалмауына
қарамастан, Ұлттық қор активтері бір жыл ішінде 73,8 млрд АҚШ долларына дейін
ұлғайды.
Екінші жағынан, 2025 жылы да Үкімет 2026 жылға тиесілі салықтарды алдын ала
өндіріп алу және экспорттаушыларға ҚҚС қайтаруды тоқтата тұру секілді теріс
тәжірибеден бас тарта алмады. Мұндай шаралардың жалпы сомасы бұрынғыдай 1 трлн
теңгеден асты.
Бұл ретте бизнестің салықтық есептеулерге қатысты шағымдарының сомасы 2,2
есеге артты.
Екінші мәселе: жыл сайын «ескі несиені жаңа несиемен жабу» қағидаты
бойынша жаңа қарыздардың 36%-ы бұрын алынған міндеттемелер бойынша ескі
қарыздарды өтеуге жұмсалып келеді. 2025 жылы мұндай қайта қаржыландырудың үлесі
51%-ға дейін өсті.
Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай Қазақстанның
сыртқы борышы рекордтық деңгейге жетіп, шамамен 182 млрд АҚШ долларын құрады.
Бір жыл ішінде елдің сыртқы борышы 10,4%-ға артқан. Бұл соңғы 17 жылдағы ең
жоғары өсім көрсеткіші.
Үшінші мәселе – бюджет саясатының теңгерімсіздігі.
Қос бағытты векторлар бойынша бюджет алшақтық сақталып отыр: әлеуметтік
салаға жұмсалатын шығындар артып, нақты экономика секторына салымдар кейін
қалып келеді.
Өткен жылы әлеуметтік саланы қаржыландыру көлемі 10,1 трлн теңгеге дейін
өсті.
Ал экономиканың нақты секторына жұмсалған шығындар небәрі 2,2 трлн теңгені
құрады.
Сонда Үкімет қайтарымсыз қажеттіліктерге болашақ табыс көздерін
қалыптастыруға қарағанда бес есе көп қаражат жұмсап отыр. Шын мәнінде, бұл
арақатынас керісінше болуы тиіс.
Өткен жылы Үкімет бюджет мүмкіндіктерімен толық санаспай, барлық мәселені
бір мезетте шешуге ұмтылғандай әсер қалдырады.
Алайда бұл мүмкін емес. Әлемде барлық мәселесін толық шешкен бірде-бір
мемлекет жоқ. АҚШ-та да, Еуропада да өз шешімін таппаған проблемалар, кедейлер,
баспанасыздар мен жұмыссыздар бар.
Сондықтан тек ағымдағы әлеуметтік мәселелерді шешумен шектелмей, ең алдымен
бюджет кірістерін қалыптастыратын экономикалық негізді құру қажет.
Сонымен қатар, Үкімет өз қызметінің барлық ауқымын республикалық бюджет
арқылы көрсетпейтіні анық. Өңірлерде ұлттық экономиканың құрылымы мен
технологиялық деңгейін өзгертуге қабілетті, терең өңдеуге негізделген жаңа ірі
инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Алайда мемлекеттік қаражаттың бұл триллиондаған көлемі «Самұрық-Қазына»
қоры арқылы бюджет пен Парламенттен тыс, Үкіметтің дербес шешімдері негізінде
бағытталуда. Іс жүзінде параллель экономикалар қалыптасты: бірі – бюджет арқылы
өтетін экономика, екіншісі – Парламенттің талқылауынсыз Үкімет қалыптастыратын
экономика.
Парламент биыл алғаш рет бұл жобаларды кеңейтілген есеп аясында, былайша
айтқанда, жүзеге асқаннан кейін ғана көрді. Алайда мұндай тәсіл белгілі бір
жобаларды жоспарлаудың негізділігі тұрғысынан көптеген сұрақтар туындатады.
Сондықтан «Ақ жол» фракциясы қоғам мен Парламентке ұсынылып отырған
шығындарды миллиардтаған қаражат жұмсалып қойғаннан кейін емес, бекітілер
алдында талдау мүмкіндігін беруді тағы да ұсынады.
Төртінші мәселе, алдыңғысымен өзара байланысты: квазимемлекеттік сектор
мен бюджеттен тыс қорлардың қоғамдық бақылаудан тыс «оқшауланған» рөлінің
сақталуы.
Квазимемлекеттік сектордың бюджет қаржыландыруына тәуелділігі барған сайын
күшейіп келеді. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін қаржыландыруға бюджеттен
шамамен 5 трлн теңге жұмсалды. Бұл 2025 жылғы республикалық бюджет шығыстарының
алтыдан бір бөлігін құрайды және көлемі жағынан Ұлттық қордан бөлінген
қаражатпен шамалас.
Сонымен қатар, негізгі ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызмет
нәтижелері туралы ақпараттың ашықтығы жоқ.
Ал олардың бюджетке беретін қайтарымы керісінше азайып келеді.
Мәселен, 2024 жылы «Ақ жол» фракциясының бастамасымен Бюджет кодексіне
«Самұрық-Қазына» қорының жүйе құраушы компаниялары таза пайдасының кемінде 50
пайызын бюджетке аударуы тиіс деген норма енгізілген болатын.
Алайда бұл талаптың өзі де орындалмай отыр.
Нәтижесінде, 2025 жылы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджетке
төлеген дивидендтері 2024 жылмен салыстырғанда бес есе төмен болды.
Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алулары 10
пайызға, ал «Бәйтерек» холдингінің сатып алулары 77 пайызға өскені байқалады.
Оның үстіне сатып алулардың 62 пайызы бір көзден сатып алу тәсілі арқылы жүзеге
асырылған. Бұл бәсекелестік пен нарықтық экономика қағидаттарына қайшы келеді.
Ал аталған құрылымдардың өзі мемлекеттік кәсіпорындарды басқаруға нарықтық
тетіктерді енгізу мақсатында құрылған болатын. Осылайша, мұндай сатып алулар
мен Парламенттен тыс жүргізілетін шығыстарды жоспарлау арқылы қомақты
мемлекеттік қаражат қоғам мен Парламенттің бақылауынсыз қалып отыр. Бұл олардың
ашықтығы мен тиімділігіне қатысты орынды күмән туғызады.
Соңғы, бесінші мәселе. Есептерді қарастыру бюджет мәселесін Үкіметтің
іс-қимыл бағдарламасымен бірге қарау қажеттігін тағы да көрсетіп отыр.
Парламент Үкімет жұмысына бюджетті игеру нәтижелері бойынша баға береді.
Алайда қоғамға тек қаржылық есеп қана емес, Үкіметтің бюджет қаражаты мен өз
күш-жігерін қандай өзара байланысты міндеттерді орындауға жұмсағанын және сол
міндеттердің қаншалықты орындалғанын көрсететін құжат қажет.
Мұндай бағдарламалық құжат ретінде Президенттің жыл сайынғы Жолдауларын
қарастыруға болады.
Соңғы жылдары Үкімет Президент Жолдауларының орындалуы туралы, алайда тек
билік партиясы алдында ғана, екі рет есеп берді.
Ал Президент Жолдаулары бір партияға
емес, бүкіл Қазақстан халқына арналады.
Сондықтан алдағы уақытта бюджет жөніндегі есептермен қатар, Үкіметтің
Президент Жолдауларының орындалуы туралы есебін бір ғана фракция алдында емес,
болашақ көппартиялы Құрылтай алдында беру тәжірибесін енгізуді орынды деп
санаймыз.
Құрметті әріптестер!
Бәлкім, бүгін біз әріптестеріміздің жұмысына тым сыни көзбен қарап отырған
шығармыз. Өйткені 2025 жылғы көрсеткіштерге көп жағдайда форс-мажорлық
жағдайлар, ең алдымен бюджет тапшылығы әсер етті.
Осы жағдайдың аясында өзге себептерді екінші кезектегі факторлар деп
бағалауға болады.
Дәл осы жағдай сол кезеңде жүргізілген салық реформасының негізгі себебіне
айналғаны белгілі. Ал бұл реформа биылдың өзінде белгілі бір нәтижелерін
көрсетіп отыр.
Сонымен бірге, бүгінгі бюджеттегі оң көрсеткіштердің негізі дәл алдыңғы
жылы қаланғанын да атап өткен жөн.
Бұл Қазақстанның экономикасы мықты, мемлекеті орнықты және қолда бар
ресурстары тек проблемаларды шешуге ғана емес, тұрақты әрі сенімді өсімді
қамтамасыз етуге де жеткілікті екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
«Ақ жол» фракциясы Үкіметіне атқарып жатқан жұмыста табыс тілейді және Үкімет
пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін айтылған ескертулер мен ұсыныстарды
ескере отырып қабылдауды ұсынады.
Назарларыңызға рақмет!