Жер қойнауы туралы Кодекстің екінші оқылымының қорытындысы бойынша
Сәрсенбіде Мәжіліс екінші оқылымда «Жер
қойнауы туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын
қабылдады.
Заң жобасы ең алдымен барлау және
инвесторларға көмек көрсету саласында бірқатар маңызды және қажетті шешімдерді
қамтиды. Алайда «Ақ жол» фракциясы бұл құжатқа қарсы дауыс беруге мәжбүр болды.
Неге екенін түсіндіре кетейін: себебі, Үкімет өз қортындысымен, ал, жұмыс тобы сол қортындыға сілтеме жасап «Ақ жол» демпартиясының Кодексті Конституцияның 3 б. 6 тармағына сәйкестендіру туралы түзетулерін қабылдамай тастады («Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі»).
Нақтылай айтқанда, біздің ұсыныстар
келесіні қамтыған:
1. Қазақстанның жер қойнауын пайдалануға
арналған барлық келісімшарттардан, соның ішінде ӨБК (бұрын жасалған ірі мұнай
және газ келісімшарттарын қамтитын «Өнімді бөлу туралы келісімдер») түсетін
табысы осындай жобалардан алынатын пайданың жартысынан астамын құрауы тиіс деп
белгілеу.
Бүгінгі күні бұл Келісімдердің шарттары
құпия болып отыр, Үкімет «Ақ жол» фракциясының оларды жария ету туралы барлық
депутаттық сауалдарына теріс жауап беруде. Ал, кейбір БАҚ-тың бейресми
деректері бойынша, Қазақстан бүгінде осы Келісімдерден 2-ден 20 пайызға дейін
ғана пайда алады.
«Ақ жол» демпартиясы бұл жағдайды (егер ол шындыққа сәйкес келсе) әділетсіз және Конституцияға қайшы деп санайды. Ал біздің 51 пайыздық үлес нормасын ӨБК-ға да қолдану туралы талабымыз оларды Қазақстанның пайдасына қайта қарау қажеттілігін білдіруші еді, үкімет те, жұмыс тобы да бұдан бас тартты.
2. ӨБК-ны қоса алғанда, жер қойнауын пайдалануға арналған барлық келісімшарттарды жариялау және олардың шарттарына халықтың ашық қолжетімділігін қамтамасыз ету.
3. Ірі жер қойнауын пайдаланушыларды қазақстандық кәсіпорындарға осы жер қойнауын пайдаланушылар қолданатын техника мен жабдықтарды өндіруді игеруге, оның ішінде тиісті техникалық құжаттамаларды алуға және осындай жабдықты (ауыстырмалы түйіндерден бастап, оған қажетті бөлшектерге дейін) қазақстандық өндірушілерден сатып алуға көмектесуге міндеттеу, т.б. – барлығы 14 түзету.
Үкiмет фракциямыздың бiр болмашы түзетуінен басқасының бәрiне теріс қорытынды берді. Жұмыс тобы үкіметтің ұстанымымен келісті.
Бұл ретте жұмыс тобы біз белгілеген бағыт
бойынша ымыралас тәсілдер әзірлеуге тырысты. Осылайша, әріптестеріміз
Е.Жаңбыршин, Е.Барлыбаев және басқалардың жер қойнауын пайдаланушының
міндеттемелеріне тек жұмыстар мен қызметтер бойынша ғана емес, тауарлар бойынша
да қазақстандық қамту үлесін енгізу туралы түзетулері қабылданды. Бұл шын
мәнінде біз құптайтын маңызды түзету.
Ірі жер қойнауын пайдаланушылар қолданатын техника мен жабдықтардан технологиялық тұрғыдан артта қалып жатқандықтан, қазіргі жағдайда бұл норма қазақстандық кәсіпорындардың дамуына елеулі түрде әсер етпейтінін ескеру керек. Отандық зауыттардың заманауи өнімді өндіруді игеру үшін оларға техникалық құжаттамаға қолжетімділік қажет, парламенттік көпшілік қолдамаған біздің түзетуіміз осыны көздеген еді. Ал, онсыз жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларын сатып алу арнайы киіммен, азық-түлікпен, құрылыс материалдарымен және құбырлар, арматуралар секілді қарапайым өнімдермен шектеліп қала береді. Экономикамыздың игеру саласында жақын уақыттағы технологиялық серпін туралы ұмытуға да болады.
Жер қойнауын пайдалануға арналған
келісімшарттардағы ұлттық мүдделерді қорғауға қатысты «ымыралас тәсілдері»
көңіледен шықпады.
Мәселен, 103-баптың 5) тармағында көмірсутектердің ірі кен орындарын (яғни, қорлары 100 миллион тоннадан астам - А.П.) бойынша келісімшарттарда ұлттық компаниялардың қатысу үлесі «50% және одан да артық» болуы тиіс деген түзетулер қабылданды (бұрын «кемінде 50%» деген талап Кодекстің 121 б. 16) т. қамтылған). Кейбір әріптестер бұл шешімді жер қойнауын пайдалануды Конституция талаптарына (Жер мен жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі екендігі туралы) сәйкес келтіру деп бағалады.
Өкінішке орай, мұндай оптимизмге ортақтаса
алмаймын.
Біріншіден, «50% немесе одан да көп» және
«кем дегенде 50%» деген ұғымдар -
мағынасы жағынан бірдей норма.
Екіншіден, авторлар сол 103-бабтың 8)
тармағына «Ұлттық компанияның көмірсутектер саласындағы қатысу үлесінің
азайтылуы ... ұлттық компания ... жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт
бойынша шешімдеріне бақылау жүргізе алуын сақтап қалған жағдайда қысқартылуы
мүмкін» деген түзетуді де бір уақытта енгізген.
Акциялардың бақылау пакеті деп 25% үлес
саналады, яғни, шындығында ірі кен орындарынан түсетін пайданың 50%-дан
астамының орнына келісімшарт жасалғаннан кейін бірнеше жылдан соң Қазақстанға
25% ғана қалуы мүмкін.
«Ақ жол» фракциясы 51 пайыздық үлеске қойылатын талап өзгеріссіз қалуы үшін бұл норманы алып тастауды ұсынды, бірақ үкімет пен жұмыс тобы біздің түзетуді қабылдамады.
Үшіншіден, қабылданған түзету Өнімді бөлу туралы келісімдерге қолданылмайды. «Ақ жол» фракциясы Қазақстанның 51 пайыздық үлесі туралы талап ӨБК-ге де қатысты болатындай түзету енгізді, бірақ біздің ұсынысымыз үкімет тарапынан қолдау таппай, жұмыс тобы да оны қабылдамады.
Төртіншіден, «Ақ жол» фракциясы жер
қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардағы 51 пайыздық үлестің иесі
ұлттық компания емес, Қазақстан Республикасы болуы керектігі туралы түзету
енгізген.
Себебі, Жоғарғы есеп палатасының мәліметі
бойынша, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіпорындар бюджетке алған
таза пайдасының 10 пайыздайын ғана аударады. Қалған 90% пайданы олар бюджеттен
және қоғам мен парламент бақылауынан тыс пайдаланады. Яғни, жер қойнауының иесі
өз мүлкінің 50 пайызының, тіпті 25 пайызының 10 пайызы ғана қалай пайдаланылып
жатқанын көріп отыр.
Бұл жағдайды түзету үшін қатар талқыланып
жатқан Бюджет кодексі аясында «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік холдингтер мен
ұлттық компаниялар өз пайдасының кемінде 50 пайызын бюджетке аударуы туралы
ұсыныс жасады (Президенттің 2020 жылғы кірістің 100 пайызын бюджетке аудару
туралы тапсырмасын олар орындамады). Әзірге біз мұнай-газ жобаларындағы
қазақстандық үлеске меншік құқығын ұлттық компанияға емес, тікелей мемлекетке
беруді мақсатқа сай деп санаймыз, айтпақшы, Конституцияның аталмыш нормасында
бұл туралы бірде-бір сөз жоқ.
Алайда бұл түзетуді үкімет те, парламенттік көпшілік те қабылдамады.
Біздің түзетулерімізді талқылау барысында
Энергетика министрлігінің объективті жағдайларға сілтемелерін, өндірістің
қиындықтары мен Қазақстанның күрделі жобаларға қатысуының артуы білдіретін
игеру қиындықтары мен орасан зор шығындарды ескере отырып, біз кешенді тәсілдер
арқылы ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету мәселесін тікелей салықтар (жанама салықтар негізінен
тұтыну орны бойынша төленеді, яғни, біздің мұнайымыз бен металлдарымыз
экспортталатын шетелде), қазақстандық жұмысшылардың жалақысын (олар да
Қазақстан халқы), сатып алудағы қазақстандық қамту үлесі және т.б. арқалы
шешуді ұсындық. Жер қойнауын пайдаланудан Қазақстанның түпкілікті үлесін
бағалаудың барабар жүйесін әзірлеуге болады деп ойлаймыз, әсіресе осындай
маңызды мәселеде.
Бірақ Энергетика министрлігінің өкілдері бұл мәселелердің оларға қатысы жоқ екенін айтып, оны талқылаудан бас тартты. Біздің түсінігімізше, бұл жерде ведомствоаралық үйлестіру өте қажет, әсіресе, депутаттардың түзетулері бойынша қорытындылар салыққа, жұмыспен қамтуға және қазақстандық үлес үшін жауап беретін министрліктері бар бүкіл үкімет атынан жіберілетіндіктен.
Осылайша, «Ақ жол» фракциясының аталмыш
заң жобасы бойынша ұстанымы біз бірінші оқылымда да айтқан нақты дәлелдермен
айқындалды.
(https://akzhol.kz/kk/blog/zher-ojnau-tural-kodeksn-tallau-barsnda-zhariia-etlgen-a-zhol-frakciiasn-stanm).
Заң шығару - тірі процесс. Бұл талқылауды
келесі кезеңдерде де жалғастырамыз. Түбегейлі өзгерістер қажет.