03
Наурыз

Азат Перуашевтің «Әлихан Бөкейхан - Қазақ Елі мен Жерінің тұтастық рәмізі” ғылыми конференциясында сөйлеген сөзі

https://t.me/peruash/1453

Ардақты Алаш Елі!
Бүгін біз Мемлекет Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен бірге, XX ғасырдағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығын атап өтудеміз.
Тәуелсіздіктің негізінде – «Алаш» ұлттық идеясы жатыр.
Бұл құр сөз емес - Әлихан Бөкейхан: «Мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық» десе, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздік үшін құрбандыққа аянатын ештеңе жоқ» деген еді.

Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында, «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз... Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», - деп атап өтті.
Әлихан Бөкейханның өмірі, еңбегі, ел үшін жанқиярлығы, тіпті өлімнің өзі де біртуар тұлға феномен ретінде кез-келген мемлекеттік қызметкерге, кәсіпкерге, еліміздің барлық азаматына үлгі бола алады.
Бір ғасыр өтсе де, мен, экономист ретінде, оның нарықтық көзқарасына, отандық өндірістің маңызына арналған терең бастамаларының әлі де өзекті екенін мойындап, қайран қаламын.
Ал, депутат ретінде, Әлекеңнің саяси икемділігіне, көрегендігіне басымды иемін: сонау қатыгез азаматтық соғыс кезінде, өз ұстанымдарынан таймай, болашақ үшін ақ империяның адмиралы Колчакпен ортақ тіл табысса, оның жауы, қызыл террор жүргізген большевиктермен де Қазақ автономиясын құруға түрткі болды.
Яғни, қазіргі Тәуелсіз Қазақ мемлекеті деген - біреудің сыйы, не кездейсоқ көктен түскен олжа емес, - ол Әлихан бастаған мыңдаған белгілі де беймәлім үзеңгілес серіктерінің қайраткерлігі, құрбандығының арқасында құрылған Алаш пен Қазақ автономияларының заңды ізбасары.

Бұл пікір жалаң мадақ емес.
«Ақ жол» демократиялық партиясы 2012 жылдан бастап, дәстүрлі түрде «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық жас ғалымдар мен зерттеушілер арасында байқау өткізіп келеді.
Осы байқаудың арқасында, біз жастарды Алаш идеясына жақындатумен бірге, өзіміз үшін де, практикалық түрде әліге дейін өзекті Алаша ұстанымдарының жаңа қырларымен танысудамыз.
Бұл байқаудың бел ортасында жүрген профессор Диқан Қамзабекұлы бастаған Еуразия Ұлттық университетінің алаштанушы ғалымдары Сұлтан Хан Жүсіп, Зиябек Қабылдинов, Амантай Шәріп, Қайырбек Кеменгер, Сағымбай Жұмағул сынды азаматтарға шексіз алғысымды білдіргім келеді.

Бүгінгі конференциямызға сәттілік тілеймін,
Қазақстан Республикасының 30 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы құтты болсын, Алаш жасай берсін.

Рақмет.