05
Мамыр

Азат Перуашевтің Мәжілістің жалпы отырысында сайлау туралы заң жобасын талқылау кезінде сөйлеген сөзі

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы, құрметті әріптестер.

Әзірлеуші атап өткендей, қаралып жатқан құжат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдар мен аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу, сондай-ақ партиялардың парламент пен мәслихаттарға өту шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендету туралы дайындалған болатын.

«Ақ жол» демократиялық партиясы республиканың саяси жүйесін жаңғыртуды бүгінгі кезеңде оны одан әрі дамытудың және әрбір қазақстандықтың өмірін жақсартудың аса маңызды шарты деп біледі.
Осы Заң жобасының мәні бізге көптеген ағымдағы мәселелерге қарағанда елдің болашағы үшін аса маңызды және пандемиямен күресумен бірдей өзекті болып көрінеді.

«Ақ жол» партиясының Саяси бағдарламасында бұдан былайғы әлеуметтік-экономикалық реформалар саяси өзгерістерді қажет ететіні айтылған.
Оның үстіне, біздің Бағдарламада барлық деңгейдегі ауылдар мен қалалар әкімдерінің тікелей сайлану талабы қамтылған; ал екінші тараудың 2-бабының 6-тармағында «Ақ жол» демократиялық партиясы партиялардың Парламент пен мәслихаттарға өту шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендетуді талап еткен жалғыз партия.
Осылайша, біздің саяси перспективаға деген көзқарасымыз Президенттің қазіргі тапсырмаларына сәйкес келіп отыр.
Сондықтан «Ақ жол» демократиялық партиясы талқыланған заң жобасын қолдайды, ол іс жүзінде саяси жүйені елеулі реформаларға жетелейді.
Оның терең сипаты Қазақстанның тікелей сайлау арқылы биліктің атқарушы тармағын қалыптастыруды бастауында жатыр.
Бұл бастама, әрине, биліктен азаматтық батылдық пен ашық талқылауға дайын болуды талап етеді.

Талқылау барысында «Ақ жол» фракциясы сайлаудың ашықтығын күшейтуге, бақылаушылар мен кандидаттардың құқықтарын бекітуге, бюллетеньдерді лақтыруға жауапкершілікті күшейтуге және т.б. бағытталған негізгі және ілеспе заң жобаларына 64 түзету жіберді.
Өкінішке орай, олардың көпшілігі жұмыс тобында және Үкіметтің қорытындысында қолдау таппады және біз реформаны жүзеге асыруды кешіктірмеу үшін жұмыс тобының соңғы отырысында (бүгін түнгі сағ. 01.00-дн) оларды алып тастауға мәжбүр болдық.
Өйткені, әкімдердің тікелей сайлауын өткізу жақын арада аса ауқымды міндет екені сөзсіз.
Биліктің атқарушы тармағының тікелей сайлану институтын құра отырып, бұл заң жобасы азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын күшейтеді және Конституцияның 3-бабының 1-тармағын тікелей орындайды, онда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген.

Сондай-ақ, реформаның кейінгі кезеңдерінде сайлау процесінің ашықтығын кеңейту үшін құқықтық база пайда болады.
Болашақта «Ақ жол» фракциясы осы құжатқа енбеген түзетулерге қайта оралатын болады.

Ал бүгінде, әкімдердің тікелей сайлануын енгізіп, партиялардың Парламентке өту шегін азайта отырып, Республика саяси кемелденудің жаңа кезеңіне аяқ басты, қоғам мен билік арасындағы қатынастардың неғұрлым ашық парадигмасын жасауда.

«Ақ жол» демократиялық партиясы мен оның депутаттық фракциясының атынан Президент Қ.Тоқаевқа және Үкіметке көрсеткен саяси ерік үшін, жұмыс тобының басшысы мен мүшелеріне бірлескен жұмыс үшін алғысымды білдіремін және әріптестерімнен қаралып жатқан заң жобасын қолдауды сұраймын.

Назар аударғандарыңыз үшін алғыс білдіремін.