Қазақтың тұлпары қара қазанда қайнаған қазы-қарта ғана ма? - Abai.kz
«Ақ жол» партиясы үшін ұлттық құндылықтарды ұлықтау – біздің саяси бағдарламаларымыздың негізгі бағыттарының бірі. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мәдени қазыналарымызды,ұлттық дәстүрімізді әлем жұртшылығына таныстырудың жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Оған ауқымды мемлекеттік қолдау жасалуы қажет», деп шегелеп айтқан.
Алаш баласы Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасын жалғап, ұлы далаға иелік еткен кездегі талмас қанаты, бабаларымыздың елін жерін қорғап ата жаумен алысқандағы қанды көйлек серігі, болдырмас көлігі болған, жеті қазынаның біріне баланған қазақтың қазанат жылқысы біздің ұлттық қазынамыз емес пе? Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналған. «Қазақ жылқы мінезді» деген сөз де бекер айтылмаса керек.
Өркениетті мемлекеттер өздерінің өткендерін ұмытпай, ұлттың әлеуетін, құдіретін ашатын осындай асыл қазыналарын, спорт түрлерін ұлттық брендке айналдырып, әлемдік деңгейге көтеріп отыр.
Мысалы, кешегі түйенің қомында көшіп- қонып жүрген Араб әмірлігі бүгінде түйе жарысын мыңдаған туристер тамашалайтын жарысқа, ұлттық мейрамға айналдырған.
Ал, Моңғолияда «Шыңғысханның ізімен» атты мың шақырым 10 күндік «Моңғолия дербиі» ұйымдастырылған. Биыл, оған әлемнің 15 елінен 400-ге жуық шабандоз қатысқан.
Сондай-ақ, Австралияда «Мельбурн кубогы» бар болса, Америкада «Кентуки Дербиі» өткізіледі. Ұлыбританияда «Королевский Аскот», Араб әмірлігінде «Дубай әлем кубогі»,сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ал, көрші Түркіменстан атақты ақалтекесін насихаттау мақсатында арнайы министрлік те құрып тастады.
Ал бізде ше? Бүгінде үлкен жарыстарда топ жарып бәйге алып жүрген тұлпарларымыздың түгелге жуығы ағылшынның асыл тұқымды немесе басқа да шетелдік жылқыс екені жасырын емес. Сонда ұзаққа шабуға шыдамды, Күндік жерден алқынбай жететін қазақтың асыл тұқымды тұлпарлары қайда қалды? Шынтуайтына келгенде қазақи жылқы біздің ұлттық брендіміз болуы тиіс емес пе? Сонда өз жылқымыздың абыройын асқақтатуға, тұқымын сақтап қалуға не кедергі? Әлде қазақтың қасиетті жылқысы қара қазанда қайнататын қазы мен қарта үшін ғана қажет пе?
Осы ретте өзіміздің қазақи жылқының жоғарыда аталған әлемдік брендтер қатарынан лайықты орын алуы үшін не істеу керек деген сауалдың көлденең шығатыны рас.
Біздіңше, бүгінде әлемдік деңгейге көтерілген қазақша күрестің «Қазақ барысы» Жобасы секілді, тұлпарларымыздың артықшылығы мен ерекшелігін,шыдамдылығын әлемге танытатын күндік бәйге ұйымдастырылуы керек! Ол ұзақ қашықтыққа, тек қазақи жылқы ғана шыдас беретін 100-150 шақырымға дейін шабыстан болуы тиіс.Бұл жарысты Қазақстан аламаны, Алаш аламаны, Құлагер кубогі деп те атауға болады.
Мысалға, кешегі Құлагердің құлаған жері, Ерейментаудан Астанаға дейінгі қашықтық дәл осы 150 шақырымды құрайды.Қазақ тұлпарының символы болған Құлагердің атын қайта жаңғыртып Ерейменнен шыққан бәйгелер ел ордасы Астанаға ат басын тіресе керемет емес пе? Және де бұл бәйге жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылса «Ұлы дала Аламанына» алыс-жақын шетелдік шабандоздардың өздері-ақ қатысуға ниет білдірер еді. Ал, ақпараттық қолдау мәселесі жоғары деңгейде болса, бұл жарыс жоғарыда аталған «Дубай әлем кубогі», «Монғолия дербиі» сияқты әлемдік ат жарыстарының ешқайсынан да кем түспесі анық. Ал, қазіргі бәйгелерге атын қоса алмай, мыңдаған доллар тұратын асыл тұқымды ағылшын аттарының көлеңкесінде қалып жүрген қазақ атбегілері мен шабандоздары үшін бұл үлкен мүмкіндік болар еді. Бұл дүбірлі дода – Ұлы дала елінің, көшпенділер ұрпағының рухын көтеретін,рухани жаңғыруға сай болатын,еліміздің сыртқы имиджін әлемге танытатын үлкен жоба болар еді. Тарихтың талай тайғағы мен шатқалынан аман есен алып шыққан қазақ тұлпары бүгінде де еліміздің абырой атағы үшін қызмет ете алатынына күмәніміз жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігі аталған Жобаны ұлт жаңғыруының ажырамас бөлігі деп танып,мемлекеттік деңгейде өткізудің шараларын қарастырып, өзінің спорттық күнтізбесіне енгізіп, оның түрлі ұйымдастыру мәселелерін қолға алуын сұраймыз.
Берік Дүйсенбинов
Мәжіліс депутаты
Abai.kz