05
Шілде

Қазыбек Иса жұмыс сапары барысында «КАДЕТ» сыныбы шәкірттерімен кездесті

5 шілде 2024 жыл, Шымкент қалалық филиалы

Қазыбек Иса Шымкент қаласы «Асар»  шағын ауданында орналасқан №90 дарынды  балаларға арналған  мамандырылған  мектеп-гимназиясының  ұстаздарымен  және осы білім  ошағында  ашылған «КАДЕТ» сыныбының  шәкірттерімен  кездесті.  Кездесуге «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалының  төрағасы Батырбек Әшірбаев,  мәслихат депутаттары Мұхтар Шымыров пен Ноян Төлегенов қатысты.  Мектепте Қазыбек Иса  Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қолдауымен  ашылып отырған "Кадет сыныбы" пилоттық жобаның жұмысымен  танысып, шәкірттерімен сөйлесті.   Жоба бойынша  оқушыларға  құқықтық білім  мен әскери-патриоттық тәрбие  беріледі. Кадет сыныбының оқушылары  сабақтан тыс уақытта сапта жүру, автоматты бұзып-жинауды үйреніп,  спорттық жаттығулармен айналысады, сондай-ақ,  алғашқы медициналық  көмек көрсету  сынды  бағыттарды  меңгеруде.

Сонымен қатар, Қазыбек Иса  мектепті  аралап,  ұстаздармен  кездесті. Басқосуда Қазыбек Иса «Ақ жол» демократиялық  партиясының Парламент Мәжілісі мінберінде көтеріп жүрген мәселелерге, депутаттық сауалдаға, жүзеге асқан жобаларға және атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. 

"Өңірлерге сапарымды Ұлт ұясы Ұлытаудан бастадық. Түркістан облысын аралап, бүгін міне Шымкентте халықпен кездесіп жатырмыз. Асар шағынауданындағы мектептің жұмысы көңілден шығып отыр. Елімізде алғаш болып "Кадет" сыныбы ашылыпты. Өте құптарлық бастама. Осы мектепке өзім ұсыныспен шығып, арнайы келіп отырмын. Көтерілген мәселенің бәрі ұлттық идеологияға қатысты. Кездесулерде мәдениет саласы өкілдерінің жалақысы, зейнетақы, жер мәселелері көтеріліп жатыр. Жалпы Шымкентте көптеген оң өзгерістер бар," - деді Мәжіліс депутаты.

 Жиында сөз сөйлеген мектеп директоры  Арман Орынбеков елімізде  «Абай» мектептерін ашу қажеттігі туралы  ұсыныс  айтты.

Жиыннаң соң  ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса жергілікті  телеарналарға және газет тілшілерінің сұрақтарына жауап беріп, сұхбат берді.