10 қаңтар 2025 жыл, Қызылорда облыстық филиалы
025 жылғы 10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса Қызылорда облысындағы жұмыс сапарын өткізді. Сапар барысында депутат партияның аймақтық филиалдарымен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, бірқатар маңызды іс-шараларға қатысты.
Ол Қызылорда қаласындағы «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның жергілікті филиалының
оқытушылары және Тіл орталығының мамандарымен кездесу өткізді. Кездесу
барысында депутат Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының атқарған жұмыстары жөнінде
баяндады. Сондай-ақ, ол қаралып жатқан «Заңсыз активтерді қайтару туралы»,
«Азаматтық алу туралы» және «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобаларына енгізілетін
өзгерістер туралы ақпарат берді.
Жиын соңында қатысушылар мемлекеттік тіл мәртебесі, мәдениет және руханият тақырыптарында пікір алмасты. Кездесу естелік суретке түсумен аяқталды.
Депутаттың сапары Қармақшы ауданының Дүроңғар ауылында жалғасын тапты. Ол ауыл әкімі Ә.Қоқановпен бірге «Жаңа жол» ЖШС күріш өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын – аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды нысандардың бірі.
Сапар барысында Қазыбек Иса Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбекұлымен және аудандық мәслихат төрағасы Ә.Қошалақовпен кездесіп, өңірдің экономикалық және әлеуметтік даму мәселелерін талқылады
Сапардың ерекше сәттерінің бірі – партияның Қармақшы аудандық өкілдігінің ресми ашылу салтанаты болды. Қазыбек Иса салтанатты түрде партия қатарына жаңадан кірген азаматтарға партия билеттерін табыстап, өкілдік жұмысына сәттілік тілеп, бата берді. Айта кетейік, 9-10 қаңтар аралығында Қызылорда облысында партияның екі аудандық өкілдігі ашылды.
Қармақшыдағы іс-шаралардан соң Қазыбек Иса түркі халықтарының рухани мұрасы саналатын Қорқыт ата кесенесіне арнайы барып, баба рухына құран бағыштады. Қасиетті Қорқыт ата мәңгілікке дамыл тапқан мекенге құрмет көрсету – сапардың рухани тереңдігін көрсетті.
Бұл сапар «Ақ жол» партиясының өңірлердегі белсенділігін арттыруға,
халықпен тығыз байланыс орнатуға және маңызды мәселелерді талқылауға
бағытталған нақты қадам екенін көрсетті.