21
Шілде

Ақжол' ҚДП - кәсіпкерлер жанашыры - 'Ақмешiт Ақшамы' Газеті

         Ақмешiт Ақшамы (Қызылорда), № 43 (1066)-44 (1067), 09.07.2014 ж.

         Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, 'Ақжол' Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев шілде айындағы іссапарын оңтүстік облыстардан, атап айтқанда Қызылорда қаласынан бастады.

Сыр бойындағы «NOMAD PALACE» кешенінің мәжіліс залында филиал активімен және облыстағы белсенді кәсіпкерлермен пікір алмасу форматында өткен бейресми кездесуде Азат Тұрлыбекұлы фракция депутаттарының атқарған жұмыстары мен қол жеткізген жетістіктері жөнінде, кейбір заң жобасына енгізілуі тиіс өзгерістер бойынша жасалып жатқан ұсыныстар барысы, партияның негізгі бағыты елдегі кәсіпкерлікті дамытуға кедергілермен күрес төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.

Басқосуға қатысқан кәсіпкерлер де осы орайда маман тапшылығы, құрылыс мерзімінің берілу уақытынан ұзаққа созылатындығы, құрылыстың жобалық құны, банк кепілдемесі тұрғысында кездесетін қиындықтар жайын алға тартты. Сонымен қатар, жалған кәсіпкерліктің жалпы кәсіпкерлікке тигізер зардабы да кеңінен сөз болды.

Партия төрағасына ойларын ашық жеткізген кәсіпкерлердің қалауы жоғарғы жақтан аталмыш келеңсіздіктердің шешімін табуына ықпал жасалса.

Айта кету керек, кездесуге Қызылорда облысы бойынша Салық департаментінің бастығы Әлібек Балықбайұлы Тілегенов те қатысып салық, айыппұлдар көлемі турасындағы сұрақтарға жауап берді.

Жалпы, отырыс барысында кәсіпкерлік саласында түйткілді мәселелердің әлі де көптігі, әкімшілік кедергілердің де түбегейлі тыйыла қоймағандығы айқын көрініс тапты.

Бұған дейін де кәсіпкерлерге жанашыр болып жүрген Қазақстанның 'Ақжол' Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев кездесуде аталған мәселелердің шешімін табуға атсалысатына сырбойылық кәсіпкерлердің сенімі кәміл екендігі аңғарылады.