28
Ақпан

«Ақжолдың» үгіт-насихат тобы мүшелері Дәния Еспаева мен Серік Ерубаев Атырау қаласының ШОБ өкілдері және банк қызметкерлерімен кездесті

28 ақпан 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Бүгін «Ақ жол» демпартиясы Республикалық штабының мүшелері Дәния Еспаева мен Серік Ерубаев Атырау қаласының ШОБ өкілдері және банк қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында кандидаттар жиналған қауымды партияның саяси бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Парламентте атқарған жұмыстары, «Ақ жол» демпартиясының ұстанымдары мен ұсыныстары туралы айтты.

Кандидаттар Парламенттің өкілеттігін күшейту, бюджеттен тыс жұмсалған қаржыға парламенттік бақылауды қайтару туралы демпартия ұсыныстарына жан-жақты тоқталды. Ақжолдықтар сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында сайлау учаскелеріндегі барлық рәсімдерге бейнебақылау орнатуды, электронды дауыс беруді енгізуді қарастыруды ұсынды.


Дәния Еспаева «Ақ жол» демократиялық партиясы – кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын партия екенін атап өтті. Кәсіпкерлікті қолдау елдің экономикалық әлеуетін дамыту үшін ғана маңызды емес, ең алдымен, бұл жұмыссыздық пен кедейшілікпен күресудің басты құралы болып табылады. 

Шағын және орта бизнес жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алады. Сондықтан, «Ақ жолдың» осы жылдар бойы Парламент қабырғасында заң шығарушы орган деңгейіндегі басты міндеті – шағын және орта бизнестің мүддесін қорғау. Жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс аясындағы «Ақ жол» демпартиясы міндеттерінің бірі – әділ салық салу.

«Ақ жол» демократиялық партиясы 10 жылдан бері сараланған салық мөлшерлемелерін қызмет түріне қарай енгізуге ұмтылып келеді. Президент Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасынан кейін жаңа салық кодексі әзірленуде, онда ол ҚҚС-тың сараланған мөлшерлемелерін енгізуді тапсырды.

Дәния Еспаева микрокәсіпкерлік пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды салықтан толық босату керектігін атап өтті. Бұл азаматтардың мемлекетке масыл болмай, еңбек етіп, өз отбасын өздері асырап жүргеніне алғыс айту керек.

Сонымен қатар, кездесу барысында Серік Ерубаев демократия мен парламентаризм мәселелеріне, облыс/қала әкімдерінің билікте жүрген кезінде партиялардан шығуы, сайлаудың әділ өтуі, сайлау учаскелерінде бейнебақылау жүйесін енгізу мәселелеріне тоқталды.

Кандидат, сондай-ақ, «Ақ жол» демократиялық партиясы үкімет құрамын мемлекет басшысы емес, парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия құрып, оны президенттің бекітуіне ұсынып, сол үкіметінің барлық жетістіктері мен сәтсіздіктеріне жауапты болуы керек деп есептейді. 

Ол жиналған қауымды 19-наурыз күні сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауға, «Ақ жол» демократиялық партиясына және «Ақ жол» партиясы атынан жергілікті мәслихат депутаттығына ұсынылған кандидаттарды қолдап, дауыс беруге шақырды.