20
Ақпан

«Ақжолдық» мәслихат депутаты әлеуметтік нысандарды аралады

20 ақпан 2024 жыл, «Ақ жол» демпартиясы Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП-ның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мұханбетәлі Шалқарбеков Байзақ ауданына барып, спорт, денешынықтыру және сауықтыру орталықтары мен мектептерге, медициналық мекемелерге зерделеу жұмыстарын жүргізді.

 

Депутаттар ұлттық, техникалық және қолданбалы спорт түрлері мен бұқаралық дене шынықтыру, әуесқой және кәсіпқой спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бөлінген қаржынының қалай игеріліп жатқанына талдау-саралау жұмыстарын жүргізуді қаңтар айында бастаған болатын.

 

Мұханбетәлі Жеңісұлы аудандағы спорт кешендері мен денешынықтыру және сауықтыру орталықтарын, сондай-ақ басқа да әлеуметтік нысандарды аралады. Мектеп, медициналық мекемелердің қыс кезіндегі жылу беру жұмысы, санитарлық тазалық мәселелері бойынша жұмыстарды саралады.

Осындай талдау-сараптау жұмыстарын өткен аптада Қордай және Шу аудандарында жүргізілген болатын.

«Мен Қордай, Шу, Байзақ аудандарындағы зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында назарға алған мәселелерді аудан әкімдерімен өткен кездесуде көтердім. Кемшіліктер мен көңіл аударылуы тиіс проблемаларды қозғадым.

Комиссия жұмысын қорытындылағанда елді мекендердегі елдің жайы, спорттық нысандарға қолжетімділік мәселесі, спорт түрлеріне қарай қажетті доптар мен басқа да құралдардың жетіспеушілігі, білім мекемелерінің спорт залдарының талаптарға сәйкес еместігі, яғни жуынатын және киім ауыстыратын арнайы бөлмелердің мектептерде болмауы және бұқаралық спортты дамытуға жауапты сала мамандарының жалақыларын көбейту мәселелерін сессия назарына ұсынатын боламын»,- дейді Мұханбетәлі Жеңісұлы.