11
Шілде

“Ақжолдың” Мәжіліс депутаты Асқар Садықов Маңғыстау өңіріндегі кәсіпорындардың ұжымымен кездесті

11 шілде 2023 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Бүгін "Ақ жол" фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Асқар Садықов Жаңаөзен қаласындағы «KMG EP Catering» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесуге «KMG EP Catering» ЖШС басшысы Жасұлан Өтегенов, “Ақ жол” партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Батыржан Қорғанбаев, жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты. 

«KMG EP Catering» кәсіпорны Маңғыстау және Атырау облыстарындағы кен орындарындағы мұнайшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда компания 1000-нан астам жоғары білікті қызметкерлерден тұрады.


Депутаты Асқар Садықов “Ақ жол” фракциясының Заңсыз шығарылған активтерді қайтару, жер қойнауын пайдалану туралы заңдар мен жаңа Салық кодексіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды. Сондай-ақ, партия мен оның депутаттарының Саяси бағдарламаны жүзеге асыру, шағын және орта бизнес пен отандық кәсіпорындарды қолдау жөнінде айтты.

Ашық әңгіме форматында өткен кездесуде «KMG EP Catering» мекемесінің #4 асхана қызметкері Изенова Сабира ұжымның басым бөлігі әйелдер екенін, асхана ішінде жаз мезгіліндегі 40 тан 50 градусқа дейін көтерілетін ауа температурасы сияқты жағдайда жұмыс істейтіндерін және  мұндай ыстықта еңбек етуде оңай емес екенін айтып, әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесін көтерді.

- “Бұл мәселе зиянды, қауіпті өндіріс мекемелерімен қатар жүздеген метр жер астында немесе ыстық металлургиялық пештерде жұмыс істейтін адамдарға, атап айтқанда бұрын «1-тізім және 2-тізім» бойынша зейнетақымен қамтамасыз етуге құқығы бар қауіпті және аса қауіпті кәсіптердің барлық өкілдеріне әлеуметтік әділеттілік мәселесін тағы да күшейтті. Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы 1 және 2-тізімдерге сәйкес шахтерлер, металлургтер және басқа да кәсіптер үшін зейнетке шығу жасын қайтару қажет деп санайды. «Ақ жол» фракциясы 1 және 2-тізімдер үшін зейнетақы жасын қайтаруды талап етеді және Үкімет пен БЖЗҚ-ның осы мәселеге байланысты барлық есептерін талқылауға дайын” - деді Асқар Садықов.

Мұнан соң депутат Асқар Садықов қаладағы «Мұнай Филд Сервис» ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.


Алдымен мекеме директоры Нұрлан Белшер кәсіпорынның өндіріс аймағымен таныстырып, еңбек ұжымының жетістіктері мен жұмыс жоспарларын айтты. 

Сонымен бірге кәсіпорын қызметкерлері ауыз су, жол, кәсіби зейнетақы жарнасы (профессиональный пенсионный взнос) мәселелерін көтеріп, оның шешу жолдарын талқылады.

Депутат кездесуде айтылған барлық мәселелер «Ақ жол» фракциясының алдағы жұмысында қаралып, Парламентте көтеруге уәде берді.