3 шілде 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Түркістан облыстық филиалы
«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Түркістан облысындағы сапары жалғасуда.
Депутат Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауыл округіне барып, Жаңабазар Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету (БМСККО) орталығының ұжымымен кездесті.
Медицина мамандары аурухана жағдайының мәз емес екенін, газ құбырының жоқтығынан әлі күнге дейін көмір жағатындарын, жылу қазандықтарының тозығы жеткендіктен қыс мезгілінде мекеменің іші дұрыс жылымайтынын айтты.
Жедел жәрдем автокөлігі де жалғыз әрі ескі, көліктің ішінде науқас үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Стационарда 19 адам бірмезетте ем алатын болса, оның өзінде жатын орындар толық емес. Егу бөлмесі дұрыс жабдықталмаған. 2009 жылы күрделі жөндеуден өткен аурухананың шатыры ұшқан, жауын жауса, судың астында қалады.
- «Ауыл тұрғындарының саны 30 000 нан аспаса арухана салынбайды деген заңдылық бар екен»,- дейді тұрғындар.
Тұрғындар депутатқа аурухананың жағдайын билікке жеткізіп, халық үшін қажетті нысанды жөндеуден өткізуге немесе жаңа емдеу орталығын салу мәселесін көтеруді сұрады.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса аталған мәселені фракция мүшелерімен бірге талқылап, Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкіметке хат жолдайтынына уәде берді.
Бұдан кейін Қазыбек Иса Қазығұрттық тұрғындармен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.
Жиында құрылысы құйымшақтай созылған мектеп туралы, банкоматтың ауыл орталығынан алыс орналасқандығы, тіл орталықтарының мәселесі, жайылым жер туралы сөз болды.
Кездесу соңында тұрғындар ауыл мәселелерінің оңтайлы шешілетініне сенім білдірді.
«Ақ жол» партиясы Қазығұрттықтардың мәселелерін назарда ұстайды әрі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жолында сайлаушылардың өтініштерін орындау жұмыстарын жалғастырады.