1 наурыз 2023 жыл, “Ақ жол” демократиялық партиясының баспасөз қызметі
“Ақ жол” партия төрағасы Азат Перуашев бастаған үгіт тобында ақын, мәжіліс депутаттығына кандидат Қазыбек Иса, партияның облыстық филиалының төрағасы Серік Мерғалиевтер бірнеше еңбек ұжымымен кездесті.
Бірінші болып үгіт тобы облыстағы ең ірі «Модисал» жиһаз цехіне табан тіреді. Алпысқа жуық адамды жұмыспен қамтып, өз кәсібін жоқтан бастаған цех басшысы Алихан Жұмашев «Ақ жол» атынан бір мандаттық жүйе бойынша қалалық мәслихат депутаттығына ұсынған азамат екенін де атап өткен жөн.
Бүгінде шаруасы өрге домалаған кәсіпорын өз өнімін тек республика бойынша емес, Оралға көршілес жатқан РФ бес облысына тауар жеткізуді көздейді.
Цех жұмысымен танысқан штаб өкілдері жас кәсіпкерге алдағы сайлауда сәттілік тілеп, партияның алдағы уақытта да отандық өндірісшілерді қолдау бағытындағы жұмыстары жалғаса беретінін айтты.
Мұнан соң, үгіт-насихат тобы Орал Трансформатор зауытына барды.
Ауысымында 250-ге жуық адам жұмыс жасайтын ірі кәсіпорын елдегі трансформатор шығаратын бірегей өндіріс орындарының бірі. Алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыс орнатқан зауыт өз өнімін экспортқа шығарады.
Кәсіпорын жұмысымен жақын танысып, қызметкерлер сұрағына жауап берген партия төрағасы Азат Перуашев мұндай заманауи, технологиялық зауыттардың ел экономикасына қосатын үлесі зор екенін айтып, мемлекеттен оларға жан-жақты қолдау керектігін атап өтті.
Ал, Қазыбек Иса өз сөзінде «ұлттық мүдде салтанат құрған елде, кәсіптің де дамуы заңдылық екенін жеткізді. Ол үшін сайлауға белсенді қатысып, өз дауысыңды беру керек» деп түйіндеді ұлт жанашыры.
Үгіт-насихат тобы ұжымымен ашық әңгіме өрбітіп, трансформаторшылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуге қатысқандардың көбісі жастар. Жинында ауылдан келген жастарды үймен қамту, шетелге жемқорлар шығарған қаражатты елге қайтару, несие пайыздарын азайту, азық-түлік бағаларының тұрақтылығы сияқты тақырыптар талқыланды.
Сонымен бірге, Республикалық үгіт-насихат тобы Оралдағы ірі «Сити центр» сауда ойын-сауық орталығына барды.
Шаһардың орталығында орналасқан «Сити центр» сауда ойын-сауық орталығы қазіргі таңда 350 кәсіпкерге сауда орнын беріп, 300 ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Қала тұрғындарымен қонақтарының жиі баратын сүйікті орны десекте болады.
Партия жұмысын, саяси бағыт бағдарын таныстырушы үгіт-насихат тобы осы орталық жұмысшыларымен кездесті.
Кездесу патриоттық әуенмен басталып, өзгерісті қалаған жұртшылыққа әйгілі Виктор Цойдың «Мы ждем перемен» әні жұртқа жақсы әсер еткенің жарқын шапалақтарынан байқауға болады.
Сайлауалды ұранының өзі «Түбегейлі өзгерістер қажет!» екенің алты Алашқа айшықтаған «Ақ жол» партиясының саяси бағыт бағдарын және идеологиясы жайында Азат Тұрлыбекұлы мен Қазыбек Жарылқасынұлы жиылған жұртқа ашып айтты.
Сауда саласында жүрген кіші кәсіпкерлерді толғандырған несие мәселесі, экономикалық заңдарға өзгерістер еңгізу және көкейінде жүрген ұсыныстарына тұшымды жауап ала білді. Штаб өкілдері Ақжайық жұртшылығына өз таңдауларын саналы түрде жасап, Қазақстанды бірге дамытуға шақырды.
Ақжайық халықымен тілдесуді “ақжолдықтар” Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында зиялылармен кездесіп қорытындылады.
Үгіт-насихат тобындағы ақын, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Қазыбек Исамен кездесу өтті.
Орталық директоры Бауыржан Халиолла танымал қаламгер жөнінде аз-кем мағлұмат айтты. Оның ел ішіндегі түйткілді мәселелердің шешімін табу жолындағы еңбегінің зор екенін, әсіресе, тіл тағдырына қатты алаңдап, шыр-пыр болып жүргенін де тілге тиек етті.
– «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев екеуміз Оралға табан тіреп, кәсіптік нысандарда кездесулер өткіздік. Ақ Жайық өңірінде ұлт руханиятына ерекше еңбегі сіңген тұлғалар өте көп. Батыс Қазақстан облысына келіп тұрғасын, Қадыр орталығымен танысуым керек деп шештім. Ел игілігі үшін тер төгіп жүрміз. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жетерлік. Кез-келген мемлекеттің мемлекеттік тілі болуы тиіс. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы және міндеті» деп ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Біз талап ете білуіміз қажет. Біздің міндетіміз – заңды қабылдату. Өздеріңізбен кездескеніме бек қуаныштымын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Қазыбек Иса.
Бауыржан Ергенұлы арнайы уақыт тауып, Қадыр орталығына бас сұққан қадірлі қонаққа ризашылығын білдіріп, орталықта жүзеге асып жатқан жоба-жоспарларға тоқталып өтті. Іс-шара соңында жиналғандардың сұрауы бойынша Қазыбек Иса «Шыңғырлаудағы шырайлым» атты өлеңін оқып берді.
Сондай-ақ, партия лидері Азат Перуашев пен ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Иса респубшикалық ТДК 42 телеарнасының “Өзекті” бағдарламасында қонақта болып, Батыс Қазақстан облысы халқын толғандырған сұрақтарына тікелей эфирде жауап берді.
“Ақ жол” демократиялық партиясының республикалық штаб мүшелері сайлаушылармен кездесулерін Ақтөбе облысында жалғастырады.