3 шілде 2025 жыл, Ақтөбе облыстық филиалы
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Әлішев пен Дәния
Еспаева Ақтөбе қаласындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт
кешенінің құрылыс барысымен танысты. Іс-шара аясында депутаттар құрылыс нысанын
аралап, мердігер компания өкілдерінен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат
алды.
Құрылыс 2021 жылы басталған. Алайда құрылыс материалдары бағасының өсуіне
байланысты жоба-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, кейбір жұмыстардың
орындалуы кейінге шегерілген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 75 пайызға
орындалды.
Нысанда ішкі әрлеу, плитка төсеу, есік орнату, сыртқы аумақты абаттандыру
жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат ішінде 200 адамға арналған көрермендер залы,
әмбебап спорт залы, бассейн және қажетті инфрақұрылым қарастырылған.
Депутаттар аталған кешеннің әлеуметтік маңызын ерекше атап өтіп, ерекше
қажеттілігі бар азаматтар үшін мұндай инфрақұрылымның қолжетімді болуы –
инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызды бөлігі екенін айтты. Сонымен қатар,
құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына жағдай жасау,
денсаулығын нығайтып, өмір сапасын арттыру. Спорт кешенін 2025 жылы толық
пайдалануға беру жоспарлануда.

