19
Ақпан

Ақжолдықтар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны және қоқыс сұрыптау кешенінің (орталық полигон) жұмысымен танысты

19 ақпан 2025 жыл, Қызылорда облыстық филиалы

Қызылорда қалалық мәслихатындағы «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшелері депутаттармен бірге қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны және қоқыс сұрыптау кешенінің (орталық полигон) жұмысымен танысты.

Одан соң қалалық мәслихатта коммуналдық-шаруашылық, қала инфрақұрылымы, ауылшаруашылығы, жер және экология мәселелері жөніндегі өткен тұрақты комиссиясының отырысында күн тәртібіндегі «Тұрмыстық қалдықтарды басқару, орналастыру, өңдеу және қоршаған ортаны қорғау туралы», «Қызылорда қаласының кәріз суларын тазарту нысандарының жәй-күйі туралы» мәселелерге сәйкес сала мамандарына тиісті сұрақтар берді.

«Ақ жол»партиясы фракциясының жетекшісі Ғибрат Байсеитов: Экологиялық Кодекс талаптарына сәйкес, сынап лампалары сияқты қауіпті компоненттері бар тұрмыстық қатты қалдықтардың өз алдына бөлек жиналуы керектігі жөнінде және кезінде бюджеттен қыруар қаражат бөлініп, қолданылған сынап лампаларын жинайтын арнайы сарғыш түсті контейнерлердің қазіргі таңда қызметі мардымсыз екендігі туралы, сондай-ақ медициналық қалдықтарды жою мәселелері туралы сұрақ берді, ал депутат Ақманат Төлегенова Тасбөгет кенті аумағындағы шеткі көшелердің қоқыстарын жинау мәселесі мен жеке ассенизатор автокөліктерінің кәріз суларды рұқсат етілмеген жерлерге төгу фактілері бар екендігіне байланысты сұрақ берді.