02
Сәуір

Ақжолдықтар отбасылық балалар үйіне барып, қолдау көрсетті

2 сәуір 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» партиясы Жамбыл облыстық филиалының, облыстық мәслихаттағы тұрақты комиссияның төрағасы Мұқанбетәлі Шалқарбеков бастаған ақжолдық депутаттар Дәурен Ахметжаев, Руслан Мырқалықов, Бауыржан Найзақұлов тараздық Зүлфия Түленованың шаңырағына арнайы барып, отбасылық балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға түрлі тәттілер таратты.

Бүгін отбасылық балалар үйіндегі Әділхан Каримовтың туған күні. Ақжолдықтар жас жеткіншектің тілегін орындап, туған күнімен құттықтап, сыйлықтар тарту етті. Партия филиалы әр уақытта осы отбасының жағдайын біліп, әлеуметтік көмек көрсетіп тұрады.

Тараздық алтын жүректі, көпбалалы ана Зүлфия Түленованың есімі көпшілікке жақсы таныс. 2006 жылдан бастап, күйеуі Бақытбек Нұрқалиев екеуі жетімдер мен ата-анасы бас тартқан мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді асырап, тәрбиелеп келеді. Дамуы күрделі балалардың барлық күтімін өз жауапкершіліктеріне алған. Бүгінге дейін отыздан астам жеткіншекті тәрбиелеп қатарға қосқан.