29
Шілде

Ақжолдықтар Сайрам және Төлеби аудандарында болып, су нысандарының жағдайын зерделеді

29 шілде 2025 жыл, Түркістан облыстық филиалы

Президент су ресурстарын үнемдеу, климаттың өзгеруіне бейімделу және инфрақұрылымдарды жаңғырту мәселесін басты назарда ұстауды тапсырған болатын.

Осыған орай, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Сайрам және Төлеби аудандарында болып, су нысандарының жағдайын, олардың тозуын, ластануын және тиімді пайдаланылуын зерделеді. «Ақ жол» партиясының өкілі, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Жамшидбек Туламетов аталған мәселелерді шешуде жүйелі жұмыс жүргізудің маңызын, су инфрақұрылымын жаңғыртуда мемлекеттік қолдаудың рөлін ерекше атап өтті.

Сапар соңында Сайрам ауданында жиын өткізіліп, су қорын сақтау, санитарлық талаптарды орындау, гидротехникалық нысандарды жаңғырту мәселелері талқыланды.

Жиында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС инженері Өтепберген Асқарұлы, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Руслан Орынбекұлы, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Қайратұлы баяндама жасады.

Депутаттар мен жиын қатысушылары нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын қорытындысы бойынша бұл бағыттағы жұмыстар облыстық мәслихаттың тиісті тұрақты комиссиясының бақылауына алынды.