17 қыркүйек 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясынан сайланған депутаттар Бауыржан Найзақұлов, Руслан
Мырқалықов, Шахан Байкенжеев Тараз қалалық мәслихатының кезекті сессия
отырысына қатысты.
Сессияда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков 2025 жылдың есепті
кезеңінде атқарған жұмыстары бойынша депутаттар алдында есеп берді. Бюджет
қаржысының игерілуі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, жұмыспен қамту
және әлеуметтік көрсеткіштер туралы баяндама жасады.
Әкімнің есебіне байланысты депуттар ұсыныстар мен пікірлерін ортаға салды.
Ақжолдық депутат Бауыржан Найзақұлов жаңа оқу жылы басталғалы 15 күннің ішінде
шаһарда екі оқушы өлімі тіркелгенін айтып алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселені
келеңсіз оқиға тіркелді, әрі қарай тергеу жұмыстарын құқық қорғау органдары
жүргізеді деп қарап отырмай, жасөспірімдер қылмысының алдын алу бағытында жұмыс
жүргізуді, мектеп инспекторларының жұмысын күшейтуді, қажет болса, қосымша
қаржыландыру тетігін қарастыруды ұсынды.
Бауыржан Найзақұлов шаһарда инвестиция тарту көрсеткішінің төмендігін сынға
алып, қала әкімі Бақытжан Орынбековке сұрақ қойды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан:
өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты
Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция көлемін арттыруды тапсырып, бұл
мәселеде кейбір рәсімдерді қайта қарауды ұсынғаны белгілі. Әкімдердің
рейтингісі қанша көлемде инвестиция тартқаны және ашылған жаңа жұмыс
орындарының санымен бағаланады. Былтыр депутаттар алдында есеп беру кезінде
қалада жаңадан бірнеше кәсіпорын ашылатынын, оларды іске қосу арқылы 29,8
миллиард теңге инвестиция тартылатынын айттыңыз. Осы өндіріс орындары ашылды
ма? Нақты кезеңде қаншасы жұмыс істеп тұр? Есеті баяндамаңыз бойынша 849 жаңа
жұмыс орындары ашылуы тиіс еді. Ал биылғы есебіңізде ашылуы тиіс жұмыс
орындарының саны аз. Статистика сүйенсем,
2023-2024 жылдары Тараз қаласында 30 мың жұмыссыз тіркелген. Екі жылда
349 адам ресми тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл қала үшін өте төмен көрсеткіш.
Экономика тұрақты болуы үшін шағын және орта бизнесті, өндіріс орындарын ашу
керек. Жеке кәсіпкерлік – екі адамды, шағын бизнес мыңдаған азаматты жұмыспен
қамтиды», - деді Бауыржан Найзақұлов.