20
Шілде

Ақжолдықтар «Жамбыл су» кәсіпорнының жұмысындағы бірқатар кемшілікті анықтады

20 шілде 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиал

«Ақ жол» партиясынан сайланған депутат Бауыржан Найзақұлов Тараз қалалық мәслихатында құрылған мониторингтік топпен бірге «Жамбыл су» кәсіпорнының жұмысын зерделеп, бірқатар кемшіліктерді анықтады.

Ақжолдық депутаттың айтуынша, былтыр наурыз айында қалалық мәслихаттың шешімімен аталған мемлекеттік кәсіпорынға цифрлық «тұтынылатын суды есепке алу үшін стенд-сервер» сатып алуға 67 900 000 теңге сомасы бөлінген. Алайда арада бір жарым жылға жуық уақыт өтсе де, аталған жаңа қондырғы белгісіз себептермен пайдалануға берілмеген. Тіпті әлі күнге аккредиттеуден және сертификаттаудан өтпеген.

«Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның жанында су есептегіштерін сертификаттауды жүзеге асыратын жеке фирманың кеңсесі орналасқан. Пайдалану мерзімі аяқталған барлық абоненттер жеке фирманың кеңсесіне жіберіледі. Сертификаттауды алу және есептегіштің мерзімін ұзарту ақысы 5000-нан 10000 теңгеге дейін тұрады. Алысқа сабылмай-ақ, тура қасында осындай мекеме тұрғанда неліктен кәсіпорын аккредиттеуді алу мерзімін кешіктіреді деген сұрақ туындайды. Мүмкін бұлай болғаны әлдебіреудің мүддесі үшін қажет шығар?!

Кәсіпорынның берген деректеріне сүйенсек, қала бойынша барлығы 120 000 абонент бар. Аудандарда электрондық есептегіш 12000 теңге, ал электрондық модем- таратқыш 27 000 теңге тұрады. Жалпы алғанда, әрбір абонент жеке тұлға 39000-40000 теңге төлеуі тиіс!!! Бұл нонсенс... Бұдан гөрі 5000-7500 теңге тұратын дәлелденген ескі механикалық есептегішті қолданған дұрыс деп санаймын. Абонентті ешкім мәжбүрлемеуі тиіс, электронды есептегіштерді күшпен сатып алғыза алмайды.

Сервердің бағдарламасын жасақтауға лицензиялық қызметті

үшінші тараптағы компаниясы көрсетеді. Күнделікті электрондық деректерді беру, ұялы байланыс операторы, тағы да басқалары... Бұдан кәсіпорынның шығыны ұлғаяды. Бұл болашақта бағаға және төленетін тарифтің өсуіне әсер етеді. Осының бәрін сараптай келе, біз кәсіпорынның экономикалық қызметі  дұрыс стратегиялық және жедел жоспарлауға негізделмеген деген қорытындыға келдік», - дейді Бауыржан Найзақұлов.

Бюджет қаражаты игерілді, бірақ сервер жұмыс істемейді. Бұл жұмсалған қаржының қайтарымы жоқ деген сөз. Қысқасы, қазына қаржысын тиімді игерілмеген. «Осы қаражатқа арнайы техниканың бірнеше бірлігін сатып алуға, автопаркті жаңартуға болады, олар апатты жағдайлар орын алса, соны жоюға жұмылдырылар еді. Мұндай бұзушылықтар үшін кәсіпорынның лауазымды тұлғалары жауапты болуы керек деп санаймыз», - дейді ақжолдық депутат.