27
Ақпан

«Ақжолдықтардың» Тараздағы кездесулерінде көкейкесті мәселелер көтерілді

27 ақпан 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демпартиясы Республикалық штабының мүшелері Тараз қаласының еңбек ұжымдары және  тұрғындарымен кездесті.

Бүгін Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демпартиясының Республикалық штабы «Тараз КожОбувь» ЖШС-нің былғары өндірісі мен аяқ киім цехтарының жұмысымен танысып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. 

Кәсіпорын былғарыдан жасалған бұйымдар мен аяқ киім шығаратын ірі өндіруші және тері өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар жалғыз отандық кәсіпорын болып табылады. Екі өндірісте де 500-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Компанияның иесі әрі басшысы Бауыржан Найзақұловты «Ақ жол» демпартиясы Тараз қаласы мәслихаты депутаттығына кандидат ретінде ұсынды.


«Бірнеше жыл бұрын осында келгенде, кәсіпорын негізінен Семейден шикізат сатып алатын, бірақ кейін Семейдегі зауыт банкротқа ұшырады. Сондықтан кәсіпкер былғары өндірісін өзі құрып, дайын өнім шығару үшін терілерді ауылдық шаруашылықтардан сатып алуға мәжбүр болды. Мұндай кәсіпкерлерді қорғап, қолдау қажет. Сонымен қатар, киім-кешек пен аяқ киім инфляцияға және халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін тауарлар», - деді Азат Перуашев.

Жиын барысында зауыт басшылығы бірқатар түйткілді мәселелерге тоқталды – мысалы, ескірген техника, өндіріс іске қосылғанға дейін шегерімі бар инвестициялық несиелендірудің жоқтығы; фермерлер мен ауыл тұрғындарынан тері сатып алуға берілетін субсидияның тоқтап қалуы. Кадр мәселесі де өзекті болып тұр.

Жұмысшылар несие өсімі, баға тұрақсыздығы, баспананың қолжетімсіздігі туралы ойларын айтты.


Демпартия лидері кәсіпорын мен еңбек ұжымын қолдайтынын айтып, парламентте «Ақ жол» фракциясы құрылғаннан кейін бұл мәселелерді үкімет алдында көтеруге дайын екенін мәлімдеді.

Сол күні «Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Тараз қаласының тұрғындарымен кездесті. Партияның саяси бағдарламасы таныстырылғаннан кейін еркін пікіралмасу өрбіп, партия төрағасы жиналған қауымның сауалдарына жауап берді, соның ішінде бағдаршам орнату мен көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы өтініштер айтылды. Бұл мәселелермен «Ақжолдың» қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттары айналысуға уәде берді.

Қатысушылардың бірі банктерді ҚҚС төлеуге мәжбүрлеуді ұсынып, «ақжолдықтардың» банк саласындағы олигархтармен күреске және  табандылық танытуға әзірлігі жөнінде сұрады.

«Бүкіл әлемде банктер ҚҚС-тан босатылған, - деп жауап берді Азат Перуашев, - Бұл халықаралық тәжірибе және әдіснамалық тұрғыдан дұрыс. Олар тауар өндірмейді, қосымша құн жасамайды. Бірақ, банктердің бюджетке салымы шын мәнінде олардың кірісіне сәйкес келмейді және әділетсіз екені анық. Бұл дилемманы Президент Қ.Тоқаевтың өткен жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында салалық салық ставкаларын енгізу туралы тапсырмасы арқылы шешуге болады.

Бүгінде табыстарын қатар қоюға келмесе де, банктер азық-түлік өнімдерін өндірушілер, тігін фабрикалары, құрылысшылармен бірдей көлемде табыс салығын (ҰТС) төлейді, ал, соңғылар оған қоса ҚҚС-ты да төлейді. Сондықтан банктердің экономикаға қосар үлесіндегі диспропорцияны ҚҚС арқылы емес, бұл әдістемелік тұрғыда қате, банктер үшін 50-60% деңгейінде жоғары ҰТС енгізу арқылы жою қажет. 

«Ақ жол» демпартиясы бұл шараны өз бағдарламасында ұсынып отыр және жаңа Салық кодексін талқылау кезінде оның қабылдануын талап етеді», - деді А.Перуашев.

Ол «Ақ жол» демпартиясы 12 жыл бойы салалық салық мөлшерлемелерін енгізуді талап еткенін, бірақ үкіметтің бұған әрқашан қарсы болғанын еске салды. Енді жағдайды түзетуге, әділетті салық саясатын құруға нақты мүмкіндік бар. Ал, бұл парламенттегі «Ақ жол» фракциясы күресінің тікелей нәтижелерінің бірі.

Сонымен қатар, өңірдегі жастар жұмыссыздығы, жаңа кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдайдың жоқтығы мәселелері де көтерілді.

«Ақ жол» партиясының басшысы бұл мәселені мемлекеттің инвестициялық саясатымен байланыстырды.

«Нарықтық экономикасы бар елдерде инвестициялық жеңілдіктер кеңінен қолданылады, мысалы, инвестицияның бір бөлігін жаңадан іске қосылған және табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға қайтару. Немесе  кәсіпкер табысының қуаттылықты кеңейту, жабдықты жаңарту және т.б. секілді өндіріске қайта салынған бөлігін салықтан босату.

«Ақ жол» депутаттары Кәсіпкерлік кодекске осындай нормаларды енгізген, бірақ Үкімет оларды экономикадағы жағдайға әсер етпейтіндей шарттармен буып тастаған. Мысалы, оларды 20 миллион доллар инвестиция көлемі болған жағдайда ғана қолдануға болады. Ондай кәсіпорындардың санаулы ғана болатыны анық. 

Біз бизнестің ауқымды болуын, инвестицияның ағылуын талап етеміз. Ол үшін мұндай жеңілдіктер тек ірі емес, орта бизнес үшін де қолжетімді болуы керек. Біз мұндай шарттар үшін күресеміз», - деп жауап берді Азат Перуашев.

Республикалық штаб мүшелері сайлаушылардың сөздері мен ұсыныстарын назарға алып, 19 наурызда «Ақ жол» демпартиясын қолдау үшін сайлау учаскелеріне келуге шақырды.

Алдағы уақытта Тараз металлургиялық зауыты, фармацевтикалық компания және қала базарының кәсіпкерлерімен кездесулер өтеді.