21 шілде 2025 жыл, Батыс Қазақстан облыстық филиалы
Қазталов аудандық мәслихатының депутаттары кезекті көшпелі отырысты Қарасу
ауылдық округінде өткізді. Бұл жолы аудандық мәслихаттың «Бюджет, экономика
және инфрақұрылымды дамыту мәселелері» және «Білім, денсаулық сақтау және
әлеуметтік қамту мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссиялары бірлесіп жиын
өткізді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы, бөлім
басшылары, округ әкімдері және жергілікті қауымдастық өкілдерімен қатар,
"Ақ жол" демократиялық партиясынан сайланған Қазталов аудандық
мәслихат депутаты Д.Рахматуллин де қатысты.
Отырыстың алдында делегация Жұлдыз ауылындағы бірқатар әлеуметтік
нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті. Ауылдағы ауыз су қондырғысы осыдан 14
жыл бұрын орнатылғанымен, қазір тозығы жетіп, жаңартуды қажет ететіні белгілі
болды. Бұл мәселе бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындауға аудандық
бюджеттен қаражат бөлінді. Сондай-ақ, бөгеттерді жөндеу, өзен суының деңгейін
реттеу, мектеп пен балабақшаның жағдайы да назардан тыс қалған жоқ.
Жұлдыз ауылындағы жаңадан салынған Ахмедияр Құсайынов атындағы мектеп
араланып, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысу да күн тәртібінде болды. Қарасу
ауылында мәдениет үйіне күрделі жөндеу қажеттігі көтеріліп, құжаттамалары
дайындалғаны айтылды. Ендігі кезеңде жөндеу жұмыстары үшін қаржы бөлу мәселесі
тұр.
Сонымен қатар, ауыл ауруханасындағы дәрі-дәрмек жетіспеушілігі, жолдардың
сапасы, бөгеттердің ескіруі сияқты мәселелер де тұрғындар тарапынан қозғалды.
Депутаттар бұл ұсыныстарды назарға алып, тиісті бөлімдерге жеткізетін болды.
Округ әкімі Сұңғат Қажығалиев ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық
дамуы туралы баяндама жасап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен
бірге аудандық бөлім басшылары ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, экономика және
білім салалары бойынша ақпарат берді.
Көшпелі отырыс аясында нақты мәселелер анықталып, оларды шешу жолдары
пысықталды. Ауылдың өзекті түйткілдері алдағы жұмыс жоспарларына енгізілетін
болды.

