25 тамыз 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясынан сайланған Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаты Байболат Оспанов депутаттармен бірге
ауданда салынып жатқан құрылыс нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Депутаттар тобы
Қайыңды ауылдық округі, Сөгеті елді мекенінде салынып жатқан ауызсумен
қамтамасыз ететін нысан құрылысымен танысты.
Ақжолдық депутат
сөгетіліктердің өтінішіне байланысты бұл мәселені бұған дейін де бірнеше мәрте
көтерген болатын. Нысан құрылысы толық аяқталмаған, мердігер компанияның басшылығы
салғырттық танытып келеді.
«Нысан құрылысы
2024 жылдан өтпелі. Ауыл жұрты таза ауызсуды асыға күтіп отыр. Ал құрылыс
жұмыстары аяқталмай, созылып кетті. Мердігер компания басшысының салғырттығы
алаңдатып отыр. Осы мәселені көтеріп, депутаттық сауал жолдадым», - дейді
Байболат Оспанов.
Айта кету керек,
2024 жылы Сөгеті ауылына 569,436 миллион теңгеге, Мамай ауылына 511,617 миллион
теңгеге, Шөңгер елді мекеніне 534,656 миллион теңгеге жаңадан ауызсу жүйесі
құрылысын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілген. Жоспарға
сай маусым айында құрылыс жұмыстары басталды.
