28
Тамыз

Бауыржан Найзақұлов және Руслан Мырқалықов қоғамдық қабылдау өткізді

28 тамыз 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалында партиядан сайланған Тараз қалалық мәслихатының депутаттары Бауыржан Найзақұлов, Руслан Мырқалықов қоғамдық қабылдау өткізді.

Қоғамдық қабылдауда Тараз қаласының тұрғындары депутаттарға жеке сұрақ-өтініштерін айтып, кеңес сұрады.

Ж.Жарқынбаева есімді жалғызілікті ананың айтуынша, 10 жыл бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген кезде тұрғын үй кезегіне тұрған. Бірақ жұмыстан кетіп, өз ісін ашқан соң, «өзін-өзі жұмыспен қамтушы санатына көштіңіз деп» кезектен шығарып жіберіп, жаңа кезекке қойған. Тараздық тұрғын сонша жыл күткен уақыты текке кеткеніне наразы. Ақжолдық депутаттардан осы мәселенің шешімін табуға көмектесуді сұрады.

Ал емханада бронхиалды астмамен есепте тұрған Қ. Бәкіров есімді тараздық тұрғын біраз уақыттан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ингалятор мен дәрі-дәрмек ала алмай отырғанын айтып шағымданды. Айтуынша, сырқат жұмыссыз екенін растайтын анықтама мен дәрігерлік тексеруден өткені туралы құжаттарды жаңартпаған. Көмек ала алмай қалуының себебін мамандар осылай түсіндірген.

Аяулым есімді студент жастар мәселесін қозғады.

Депутаттар тұрғындардың өтініштерін жазып алып, осы мәселелер бойынша тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолдап, қозғау салатындарын айтты. Кей сұрақтарға қатысты кеңес беріп, бағыт-бағдар берді.